Көмір бағасы тұрақтар емес

Көмір бағасы тұрақтар емес
Сурет: ашық дереккөз

Бізде жасыл энергетиканы дамыту, газдандыруды жедел жүргізу және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы мың мәрте айтылып, сол бағытта ұлан-асыр істер атқарылып жатқанына қарамастан көмір өндірісі кенжелеп қалған емес. Жоғарыда айтылған әдемі бастамалардың әзір жүзеге аса қоймайтынын, көмірдің әлі бізбен ұзақ жыл бірге жасайтынын аңғарамыз. Бүкіл электр энергиясы мен жылудың 70 пайызы көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларынан таратылып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Еgemen.kz мәліметіне сүйенсек, былтыр елімізде 118 млн тонна тас көмір өндірілді. Бұл – кейінгі онжылдықта тіркеліп отырған ірі көр­сеткіштердің бірі. Сөйткен кө­мір­дің бағасы қымбаттауға ай­н­ал­д­ы. Тіпті бірқатар өңір әкім­дігі көмірді қазір сатып алуға ке­ңес бере бастаған. Өйткені қыс тая­ғанда көмір кен орындарында ша­қы­рымдаған кезек орнайды. Дүр­бе­лең­нің алдын алудың жолы – қазірден қамдану.

Дәл іргесінде Қаражыра көмір кен орны тұрған Шығыс Қазақстан облысының өзінде көмірдің тоннасы әлеуметтік осал санат үшін 13,5 мың теңгеге сау­даланса, негізгі баға 14-21 мың теңге аралығында құбылады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, еліміздің ірі қалаларында биыл сәуірде көмір тоннасына 15,8 мың теңгеден, Өскеменде – 13,7 мың, Семейде – 13,3 мың, Қарағандыда – 14,2 мың, Павлодарда – 14,6 мың, Көкшетауда 15,1 мың теңгеден сатылған. Оңтүстік пен батыс өлкелердің халқы тіпті қымбатқа сатып алады. Ең қымбат баға – 21 мың теңге Түркістанда тіркелген.

Energyprom дерегіне ден қой­сақ, тас көмір бағасының ұда­йы өсіп келе жатқанын көре­міз. 2022 жылы маусымда тұтыну­шылық ба­ға­лардың жыл­дық өсімі 9,2 па­йыз шегінде болса, биыл жаздың бірін­ші айын­да 13,1 пайызға жеткен.

«Көмірдің қымбат­тауына бірнеше себеп бар. Со­ның бірі – көмір өндіруші компаниялардың бағасын көтеруі. Статистикалық мәліметтерге сү­йен­сек, былтыр негізінен жет­кізушілердің сату бағасы айтар­лық­тай өскен. 2022 жылдың мау­сымынан биыл ақпанға де­йін қымбаттау жылдық мәнде 20 пайыздан асты. Кейбір айларда – 2022 жылдың шілде-тамызында баға тіпті 24 пайыздан жоғарылады. Биыл көктемнен бастап төмендеу байқалады. Ескере кетер жайт, өндіруші кә­сіп­орындар бағасының жоғары ин­дексі тұтынушылық бағалар ин­дексімен салыстырғанда түп­кілікті бөлшек бағаға айтар­лықтай әсер етпейтінін көрсетеді. Өндірушілердің босату бағасы тұтынушыларға ұсынылатын ақырғы бағадан 3-4 есе төмен», деп мәлімдейді «Energyprom».

Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігінің (БҚДА) хабар­лауынша, бізде көмірді ен­шілес делдалдар арқылы сату тәжірибесі әлі жалғасып келе жатыр. Соның салдарынан елдегі көмір бағасы орташа 40-45 пайызға қымбаттамақ. Энер­гетикалық көмір энергия өндіру­шілер мен өнеркәсіптік кәсіпо­рындарға тікелей сатылса, ком­муналдық-тұрмыстық көмір делдалдардың желілері ар­қылы саудаланады. Яғни көмір өн­діруші компаниялар бир­жа­лық сауданы пайдалануды жөн көреді.

«Онда ірі көлемде (3 млн тоннаға дейін немесе жылдық жө­нелтілім көлемінің 71 па­йы­зына дейін) бірнеше жыл ішінде өзгермейтін, шектеулі жеткізушілерге (2-ден 17-ге дейін) бірнеше минут ішінде сатылып кетеді. Монополияға қарсы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, 2019 жылы жасалған мәмілелердің 90 пайыздан астамы тиісті төлем­мен де, жөнелту жолымен де қамтылмайды. Мұндай делдалдарда арнайы инфрақұрылым (қоймалар, тиеу-түсіру техни­касы және т.б.) болмайды. Дел­далдар көмірді сауда кезінде 100 пайызға дейін жететін ақы қо­сып сатады», делінеді агенттік түсіндірмесінде.

Тағы бір мысал, «Шұбар­көл­көмір» АҚ 3,2 млн тонна көмірді сатылымға шығарған және оны бірнеше минут ішінде-ақ 16 өңірлік оператор (жылдық жөнелту көлемінің 26 пайызы) мен 10 делдал (74 пайызы) сатып алған.

«Қаражыра» АҚ да өткен жыл­дың желтоқсанында тауар­лық биржада саудаға қатысқан. Семейлік компания 120 мың тонна көмірді тоннасына 6,5 мың теңгеге бағалап, «Халық Көмір» ЖШС-ға сатқан. Бұл ЖШС сол көмірдің бір бөлігін биржа арқылы «Халық Көмір» ЖК-ге тоннасына 12,6 мың тең­геден саудалаған. Екі есе баға қосқан. Бұл ретте «Халық Көмір» ЖШС меншігінде не теміржол тұйықтары, не техника, не жүктеу-түсіру көлігі жоқ екенін айта кетейік. Бұдан бөлек, түпкілікті тұтынушыға жетем дегенше көмір құны еселене түседі, себебі оған теміржол қозғалысының қызмет көрсету құны, тұйықтардың арендасы, өңірлік компания жұмысшылары мен автотасымалдаушылардың еңбекақысы қосылады.

«Осындай өзара сөз байласу­дың алдын алу үшін Бас проку­ра­тура тиісті шара жүргізді. Тек­серіс бағаны жасанды жолмен көтерген «Шұбаркөлкөмір» АҚ, биржалық компаниялар және ірі сатып алушыларды қамтыды. «Шұбаркөлкөмір» АҚ-ның 2022 жылы коммуналдық-тұрмыстық көмірді тоннасына 6,2 мың тең­ге­ден сатқаны анықталды. Әрі қарай өңірлік операторлардың көмірді сату бағасы тоннасына 11-17 мың теңге аралығында құбылған. Тасымалдаушы көлік­терден ақырғы сатып алу бағасы тоннасына 25-30 мың аралы­ғын­да қалыптасқан. Осылайша, тұтынушылар үшін түпкілікті шығын оны бастапқы сату құ­ны­нан 3-4 есеге артады», деп мәлімдейді БҚДА.

Бұл ретте БҚДА көмір на­ры­ғындағы бәсекелестікті да­мы­ту жөніндегі Жол картасын қабылдады. Онда биржа­лық сауда-саттық үлесін 50 па­йыз­ға дейін ұлғайту көздел­ген. Мұндай мөлшердегі тауар делдалдарға емес, тікелей тиіс­ті инфрақұрылымы бар кө­мір өндірушілеріне сатылады делін­ген.

Қорыта келе, еліміздің кө­мір нарығы өзге нарықтар се­кіл­ді монополия батпағына батып тұр деуге негіз бар. Ірі үш жет­кі­зу­шінің («Богатырь Комир» ЖШС, «Қаражыра» АҚ және «Шұбаркөлкөмір» АҚ) үлесі былтыр 80 пайызды құраған. Агенттік дерегінше, бұл – 2019 жыл­дан бері тіркеліп отырған ең жоғарғы көрсеткіш.

Ірі бизнеске бағдарланған және делдалдарға көмір өткізуді қам­тамасыз ететін «ыңғайлы» бир­жаларды жою мақсатында агенттік биржалық саудамен ай­на­лысуға арналған лицензиядан айыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осылайша, тауар биржалары туралы заңнаманың бұ­зы­луына байланысты БҚДА әкімшілік құқық бұзушылық туралы 19 іс қозғап, 6 тауар биржасы өз қызметін тоқтатқан. Оның төртеуі тексеру алдында ерікті не­гізде және екеуі сот шешімі бо­йынша жұмысын доғарған.

2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықта 81,4 млн тонна көмір тұтынылған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 5,7 па­йызға көп. Сарапшылардың ба­ғам­дауынша, көмірге деген сұра­ныс жақын арада бәсең­демейді. Демек баға шуы да әлі біраз жалғасады деген сөз.