«Көктөбе» неге қымбат?

«Көктөбе» неге қымбат?
Сурет kompastour.com алынды

Күні кеше әлеуметтік желіде «Көктөбе» демалыс орнына жеке көлікпен шығу құны 7 мың теңге болғаны туралы ақпарат тараған еді. Осы жағдайға қала тұрғындары мен қонақтары наразылық білдіріп, бағаның тым  қымбат екенін айтып шағымданды. Алматылық тұрғындардың айтуынша, қаражаттың қайда кетіп жатқаны белгісіз және отбасылы адамдар үшін «Көктөбеге» көлікпен кіруге жағдай қарастырылуы керек.

Қала тұрғыны Салтанат Солтанқұлованың айтуынша, 7 мың теңге қарапайым отбасы үшін қымбат. «Қалада тұрсақ та, демалыс орындарына сирек барамыз. Осы аптада бала-шағамызбен «Көктөбеге» келдік. Ең үлкені 7 жаста, кішісі 1 жаста болғандықтан, көлікпен шығуды жөн көрдік. Егер көлікпен өткілеріңіз келсе, 7 мың теңге төлеңіздер деді. Шынымызды айтсақ, аң-таң болдық. Бұл баға тым қымбат болғасын, Газельмен көтерілдік. Қалтамызға біраз ауырлық түсірді. Мұндай баға біздің қаламызға тым қымбат емес пе? Күн сайын демалыс орнына 100-ден астам көлік кіреді. Күніне 7 млн теңге табыс табады делік. Табиғатты қорғау мақсатында осындай шара қабылдаса, мүлдем көлікпен жүруді шектеу қажет қой», – дейді ол.

Тұрғынның шағымына  «Көктөбе» әкімшілігі жауап берді. Олардың айтуынша, бағаның өсуіне саябақтағы автотұрақтар санының аздығы себеп болып отыр.

«Саябақтың аумағында автотұрақ орындарының аздығынан көлікпен кіру бағасы 1 мамырдан бастап 5 мың теңгеден 7 мың теңгеге көтерілді. Жалпы, саябаққа кіру тегін. Сол үшін тұрғындар мен қонақтар саябақтың жұмыс уақытында жаяу да көтеріле алады. Ал жеке көлікпен келгендерді кіру құнын төлегеннен кейін жоғарғы тұрақ аймағына өткіземіз», – дейді «Көктөбе» әкімшілігі.

- Экобелсенділер мен табиғат жанашырлары демалыс саябағына көлікпен көтерілуге қарсы екендерін айтады. Ал Алматы сынды алып шаһарда миллионға тарта көлік бар. Ауаға зиянды заттардың 65 пайызын  тарататын көліктер қоршаған ортаға әсер етіп, ауаның ластануына, адам денсаулығына қауіп төндіреді. «Адамдар салауатты өмір салтын сақтап, ең болмаса саябақтарда жаяу немесе  велосипедпен жүруге тырысу керек. Егер саябаққа келіп, көлікпен ауаны ластасаңыз, табиғатқа қиянат келтіргеніңіз», – дейді Экология департаменті жанындағы жастардың экологиялық бастамалары кеңесінің төрағасы Әділ Нұрпейісов.

Айта кеткен жөн, «Көктөбе» демалыс орнына кірудің 4 жолы бар. Абай– Достық даңғылының қиылысынан №99, №95 автобустармен соңғы аялдамаға дейін барып, ары қарай жаяу жетуге болады. Екінші жолы Абай алаңы жанынан аспалы жолмен көтерілу. Сондай-ақ, жеке көлікпен және саябақ әкімшілігі ұсынған Газель арқылы көтерілуге болады.