Қоғамның  қасіреті ашкөздік дерті  емес...

Қоғамның  қасіреті ашкөздік дерті  емес...
almaty-akshamy.kz

Сәл шегініс жасап, осыдан екі-үш жыл бұрын қоғамды дүрліктірген  оқиғаларды еске түсірейікші. 2020 жылдың 30 желтоқсанында Алматы қаласында бір топ адам наразылыққа шықты. Адамдардың жан-айқайының шығуына Шымкенттегі оқиға себепші болды. 11 желтоқсанда Шымкент қаласының әкімшілігінде «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард», «Выгодный займ» пирамидаларының жәбірленушілері наразылық өткізген болатын.  Ал 2022 жылдың 11 сәуірінде Астанада Mudabarah Capital қаржы пирамидасының салымшысы өзін жағып жібермекші болды. 2022 жылдың 28 маусымында Ақтөбеде бірнеше салымшылар жоғарыдағы қаржы пирамидаларының зардабын айтып наразылыққа шығып еді. Мұндай жағдай айта берсе өте көп.

Бір-біріне ұқсас бұл оқиғалардың түп төркіні неде? Әрине, қаржы пирамидаларының заңсыз әрекеттері. Олардың кесірінен салымшылар қаржысынан қағылды, психологиялық қысымға ұшырады. Соңғы 35 жылда қаржы пирамидалары мен одан зардап шеккен адамдар туралы ақпар көп айтылды. Жазылып та жатыр. Алайда, олар жаңбырдан кейін шығатын кемпірқосақ сияқты неге көбейіп кетті деген сұраққа жауап жоқ. Бәзбіреулер халықтың тез байып кетуге деген ашкөз ниеті деуі мүмкін. Бірақ мәселе бұдан да тереңде жатыр...

 

Қойшы көп болса...

Бүгінде экономикалық қылмыс, оның ішінде қаржы пирамидаларымен күрес мәселесі өршіп тұр. Қоғамның дертіне айналды. Кезінде мәселені мемлекет уысынан жіберіп алған. Көштің басы қайда барса, соңы да сонда барады. Елдегі кез келген мәселені шешудің ең басты жолы мемлекеттік-саяси жігер. Онсыз басқа амалды қолдану бос сөз. Билік мәселеге мән беріп, оның себебін анықтап тиісті шаралар қолданған кезде ғана біз күткен нәтиже болады.

Қаржы пирамидаларымен күрестегі басты кемшілік жүйелі жұмыстың болмауында. Мұндайда «қойшы көп болса, қой арам өледі»  деген халық даналығы ойға келеді.

Тәуелсіздік алған жылдары қаржы пирамидасы деген ұғым болмады. Экономикалық қылмыстар салықтан жалтару тұрғысынан ғана қаралатын еді. Себебі, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға енді қадам басқан кез. 1991 жылы 9 шілдеде «Қазақ КСР Мемлекеттік салық қызметін құру туралы» Президент Жарлығы шықты. Ол экономика бойынша Мемлекеттік комитетке қарасты мекеме болатын. Бірақ біраз уақыттан соң қайтадан Қаржы министрлігінің құрамына енді. 1996 жылы Мемлекеттік салық комитеті құрылды. Алайда, араға бір жыл салып қайтадан Қаржы министрлігіне өтіп кетті. Сол аралықта салық қызметінде біршама өзгеріс болды. 1994 жылы Қаржы министрлігінің салық қызметінің ішінде «салық полициясы» құрылды. Оған тергеп-тексеру міндеті жүктелді. Яғни салық саласы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысын салық полициясы атқаратын болды. Ал 1998 жылы «Салық полициясы комитеті» құрылды.

2001 жылы салық полициясы Үкіметтен еншісін алып бөлек шықты. Қазақстан Республикасының салық полициясы Агенттігі құрылды. Осылайша салық полициясы тәуелсіздік жылдарында алғаш рет Президентке тікелей бағынатын орталық мемлекеттік органға айналды. Оған Қаржы министрлігінің салық полициясы комитеті мен Мемлекеттік кірістер министрлігінің салық полициясы академиясының қызметтері мен өкілеттіктері берілді.

Мұнымен салық полициясындағы өзгеріс аяқталған жоқ. 2002 жылы 4 шілдеде «Қазақстан Республикасының қаржы полиция органдары туралы» заң қабылданды. Заң мемлекеттік органның өкілеттігін кеңейтті. Оларға салықтық қылмыстан басқа, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу, жемқорлық пен контрабандамен күрес қызметтері жүктелді. Бұл 2003 жылы мемлекеттік-әкімшілік реформаға жалғасты. Мекемеге жемқорлықпен күрес секілді күрделі қызмет жүктеліп, ол енді  «ҚР экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес Агенттігі» болып өзгерді.

Агенттік осы атаумен 2014 жылға дейін өмір сүрді. Кейін оның жемқорлықпен күрес қызметі қайта құрылған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне берілді. Ал оның негізгі қызметі қайтадан Қаржы министрлігінің құзыретіне өтті. Осылайша министрлікте Қаржы мониторингі агенттігі құрылды. Оған «қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен осы органның жүргізуіне жататын қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функциялар» берілді.

 

Мемлекеттік бақылау күшейді

Тәуелсіздік жылдарында қаржы пирамидалары белсенді болған жоқ. Сондықтан олармен күресу керек деген талап та болмады. Жоғарыда жазғанымыздай, мемлекеттің назарында ең бастысы: салықтан жалтару, жемқорлық, контрабанда және өзге де мәселелер болды.

Көпшілікке таныс жалғыз мысал – «Смагулов және К» қаржы пирамидасы. Ол 1990 жылдары әрекет еткен. Пирамидалар соңғы 3–5 жылда белсенді бола түсті. Оған түрлі фактор әсер етуі мүмкін. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендеуінен бастап бэби-бумға дейін. Тіпті 2019 жылғы билік транзиті де әсер еткен болар. Ал ақпараттық-технологиялардың дамуы және коронавирус инфекциясының таралуы отқа май құйғандай болды.

2019-2020 жылдары қаржы пирамидаларынан зардап шеккен азаматтардың үні естіле бастады. Мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мән берді. Соның нәтижесінде 2021 жылдың 28 қаңтарында Қаржы мониторингі комитеті Қаржы министрлігінен қайтадан бөлініп шықты. Тәуелсіздік тарихында екінші рет президентке бағынатын «ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі» құрылды. Оған «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша функциялары мен өкілеттіктері» берілді. Осылайша  мекеме бір орталыққа бағынған жеке уәкілетті органға айналды.

Күрес және оң нәтиже

Жаңадан құрылған агенттік басшысына Президент қаржы пирамидаларымен күресті жолға қоюды тапсырды. Бүгінде жұмыстың оң нәтижесі бар.

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі сайтында сот үкімі шыққан қаржы пирамидаларының тізімі бар. Тізімге қарайтын болсақ, 5 қаржы пирамидасына – 2021 жылы, 10-ына – 2022 жылы, биылдың өзінде 13 қаржы пирамидасына сот үкімі шыққан. Жалпы ұзын саны 28 жоба қаржы пирамидасы ретінде танылған.

 

Жобаның атауы

Сот үкімі шыққан күн

1

«LV Force»

30.09.2022

2

«Qnet»

25.08.2023

3

«Unique Finance»

24.05.2021

4

«Елімай-2019» ТК

24.07.2023

5

«B2B Jewerly»

28.10.2021

6

«Fast Vic» ЖШС және «Caspian Crocus» ЖШС

03.11.2022

7

«World Business Consulting»

31.03.2022

8

«Finiko»

17.03.2023

9

«Innova Gold»

31.08.2023

10

«Qozqan»

30.06.2023

11

«Investment Consulting Agency»

05.07.2022

12

«Antares»/ «Antares Trade»

28.07.2023

15.05.2023

13

«Eden life», «MMK Investment»

02.03.2023

14

«Шаңырақ+» («Best Road Investment» ЖШС)

30.12.2022

15

«Sincere Systems»

05.07.2023

16

«Семейный капитал»

04.07.2023

17

«River Coins Limited»

28.09.2022

18

«Денежный поток»

11.05.2021

19

«Великое будущее»

18.10.2021

20

«Мебельный проект Нур»/ «Нұр-жиһаз»

16.08.2022

21

«Лидер Капитал 168»

28.09.2022

22

Нарымбетова («Тендер» жобасы)

14.09.2022

15.12.2022

23

«4 күн 70%, 5күн 70%», «Айналым», «VIP чат», «Bay Life», «Bay Life чеки», «Бронь» мессенджерлердегі чаттар

04.05.2023

24

«Ата-мекен 2021» ТК

01.02.2023

25

«Hermes LTD» – «Life is good» холдингтік компания құрамына кіретін

22.05.2023

26

«Айналым 30%», «3 күнде 30%», «Асыл инвест» мессенджерлердегі чаттар

28.12.2021

27

«Свой дом»

31.05.2023

28

«GAP» ТК

06.10.2022

 

Қаржылық сауатсыздық  негізгі фактор ма?

Біз сот үкімі шыққан қаржы пирамидаларының әрекетін сараптадық. Сараптама нәтижесі көрсеткендей, олардың соңғы 3–5 жылда көбеюіне келесі ішкі факторлар әсер еткен:

  1. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендеуі. Мұның әсерінен несие алу көлемінің артуы, баспананың болмауы секілді мәселелер туындады. Биыл жазда Астанада Kaspi банктің бір бөліміне белгісіз адам басып кіріп, ондағы азаматтарды кепілге алып еді. Ол банктің барлық активтерін мүгедек балаларға, әлеуметтік осал топтарға беруді талап еткен болатын. Осы оқиғадан кейін халықтың несие алу көлемінің артуы мәселесі қайта көтерілді. Халықтың қаржы пирамидаларына жаппай алдануының басты себебі осы.   

«Елімай-2019» ТК, «Finiko», «Investment Consulting Agency», «Семейный капитал», «Ата-мекен 2021» ТК, «Свой дом», «GAP» ТК сияқты қаржы пирамидалары аз уақытта үй әлде көлік алуға уәде беріп, адамдарды салымшы болуға үгіттеген. Мысалы, «Finiko» салымшыларға үй әлде көлік бағасының 35%-ын  құйса, 3-4 айда үй, көлік алып береміз деп уәде берген. Осылайша пирамиданы ұйымдастырушылар халық қандай нәрсеге мұқтаж болса соны ұсынуға тырысқан.

  1. Демографиялық дағдарыс пен гендерлік теңсіздік (бэби-бум мен көпбалалы аналар санының артуы). Қаржы пирамидаларына алданғандардың басым көпшілігі әйелдер. Мұндай ақпаратты Finprom.kz сараптама нәтижесі көрсетті. Биыл қаңтар–сәуір айында зардап шеккендердің 71%-дан астамы, яғни 273-і әйелдер дейді сарапшылар. Қарап тұрсақ, мұндай қорытындының мәні бар. Астанада өзін жағып жіберуге ұмтылған әйел, Шымкент, Алматы және Ақтөбеде наразы болған жәбірленушілердің басым көпшілігі де әйелдер. Мұның себебі не?

2019 жылы Астанада 5 сәбидің қазасынан соң елде көпбалалы аналар наразылығы күшейді. Олар өздерінің әлеуметтік жағдайының нашар екенін айта бастады. Көп ұзамай мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға әлеуметтік қолдау күшейді. Әр балаға төлемдерден бөлек, аналарды әлеуметтендіру бойынша бастамалар қолға алынды. «Бақытты отбасы» жобасы бастау алды. Алайда, бұл жұмыс коронавирус індеті кезінде тоқтап қалды. Себебі, бәріміз жаппай оқшауландық. Әлеуметтік желілер адамдар арасындағы байланыстың басты құралына айналды. Дәл сол уақытта қаржы пирамидалары белсенді әрекетке көшті. Олар WhatsApp, Telegram мессенжерлері арқылы онлайн бірлестік құра отырып, салымшыларды үгіттеді. Әсіресе, қоғамда әлеуметтену процесі тоқтап қалған әйелдер қауымы зардап шекті. Бұл жерде тек көпбалалы аналар ғана емес, шамамен 2008 жылдан бері келе жатқан «бэби-бум» факторы да әсер етті. Мұның бәрі әлеуметтену мәселесіне мемлекеттік қолдаудың қажет екенін көрсетеді.

  1. Қаржылық сауаттың төмендігі. Қаржы пирамидалары оңай жолмен пайда табуды ұсынған. Салымшыларға түрлі инвестициялық жолдарды көрсеткен. Мысалы, «Sincere Systems» және «Finiko» криптовалюталар қызметін ұсынған. «Мебельный проект Нур»/ «Нұр-жиһаз» жиһаздарды ойнатса, «Innova Gold» алтыннан жасалған құймалар мен әшекей бұйымдарға инвестиция құюға үгіттеген. Ал өзге пирамидалар салынған ақшаны қысқа мерзімге еселеп қайтаруға уәде еткен. Бұдан шығатын қорытынды халықтың әлі күнге дейін қаржылық сауаты төмен. Десе де, бұл негізгі фактор емес.