Қызылорда өңірінде 10 ауылдың әкімі сайланды

Қызылорда өңірінде 10 ауылдың әкімі сайланды
almaty-akshamy.kz

Қызылорда облысында екі ауылдық округте әкім сайлауы өтіп жатыр, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бүгін Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Сүттіқұдық және Қаратөбе ауылдық округтерінде әкім сайлауы болып жатыр. Жергілікті тұрғындар таңертең сағат 7.00-ден бастап №309, №322 сайлау учаскелеріне келіп, таңдау жасай бастады. Алғашқы келген сайлаушыларға сыйлықтар берілді.

«Сүттіқұдық ауылдық округіндегі 1 185 сайлаушы өзін-өзі ұсыну тәртібімен қатысып жатқан 2 азаматқа дауыс беріп жатыр. Ал, Қаратөбе ауылдық округінде өзін-өзі ұсыну жолымен кандидат болған 3 кандидатқа 970 сайлаушы дауыс береді. Әкім сайлауына қатысып жатқан жергілікті тұрғындардың белсенділігі жоғары», - деді облыстық сайлау комиссиясынан.

Еске салсақ, жыл басынан бері Қызылорда өңірінде 10 ауылдың әкімі сайланды. Олардың қатарында Арал ауданының Жаңақұрылыс және Құланды, Қазалы ауданының Ақжона, Арықбалық, Жалағаш ауданының Жаңадария, Аққұм, Мырзабай ахун, Сырдария ауданының Ақжарма, Жаңақорған ауданының Жаңарық және Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылдық округі әкімінің сайлауы бар.

Биыл Президент тапсырмасына сәйкес аудан әкімдерінің сайлауы өтеді. Қызылорда өңірінде тұрғындар 2 ауданның әкімін тікелей сайлайды.

photo