Соққыға жығылған жасөспірімнің жағдайы ауыр

Соққыға жығылған жасөспірімнің жағдайы ауыр
сурет: ашық дереккөзден алынды

Қызылордада жасөспірімді соққыға жыққан 5 оқушы полицияға жеткізілді.

Қызылорда облысы Қазалы ауданының дәрігерлері аяусыз соққыға жығылған жасөспірімнің жағдайын айтты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 15 жастағы студент "жедел жәрдеммен" ауруханаға 6 сәуірде жеткізілген. Ол бас-ми жарақатын алған.

«Жәбірленуші дереу аурухананың қабылдау бөлімінде қаралып, бас-ми жарақатымен хирургиялық бөлімшеге жатқызылды. 8 сәуірде ата-анасының өтініші бойынша ол Қазалы аудандық теміржол ауруханасына жатқызылды», - делінген хабарламада.

Дәрігерлердің айтуынша, зардап шегушіге тиісті медициналық көмек көрсетіліп, бас сүйегінің рентгенографиясы мен компьютерлік томографиясы жасалып, іш қуысының, бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі жүргізілген. Сондай-ақ ол невропатолог пен офтальмологқа қаралып, нейрохирургтың кеңесін алған.

«Жалпы жағдайы тұрақты және ауыр. Қажетті медициналық шаралар жалғасады», - деп қосты облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі.

Оқиғаға Қазалы аудандық әкімдігі жауап берді. Әкімдіктің ресми жауабында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқаны айтылған.

«Төбелеске қатысушылар анықталды. Олардың барлығы - Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің кәмелеттік жасқа толмаған оқушылары», - делінген әкімдік хабарламасында.

Айта кетелік, әлеуметтік желіде жасөспірімді белгісіз азаматтардың ұрып-соғып жатқаны жөнінде бейнекөрініс жарияланған еді.

Нәтижесінде, бейнероликте көрсетілген кәмелетке толмағанды ұрып-соққан адамдар анықталған. Қызылорда облысында жасөспірімді ұрып-соққан 5 оқушы анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді.

«Бұл бойынша Қазалы ауданы полиция бөлімінің сотқа дейiнгi тергеп тексерудің біріңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен (бұзақылық) іс тіркелді. Тергеу жүріп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер полиция бөліміне жеткізілді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Бұл факт бойынша тергеу басталды.