Қытайға қатынайтын рейстер саны артады

Қытайға қатынайтын рейстер саны артады
Сурет: ашық дереккөз

Сондай-ақ Үрімші қаласына тікелей рейстер саны артуы мүмкін.

China Southern Airlines әуе компаниясы 2024 жылғы 23 қаңтардан бастап аптасына 3 рейс жиілігімен Алматы – Бейжің бағыты бойынша рейстер ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сұраныс артқан кезде China Southern Airlines әуекомпаниясы Алматы қаласынан Үрімші және Сиань қалаларына, сондай-ақ Астана қаласынан Үрімші қаласына 2024 жылдың көктемгі-жазғы маусымынан бастап қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын ұлғайту мүмкіндігін қарастыруға дайын. Өз кезегінде Loong Airlines әуекомпаниясы биыл желтоқсан айында Алматы – Ханчжоу бағыты бойынша орындалатын рейстер санын аптасына 3 рейстен 4 рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр.

"Келесі жылы жолаушылар ағыны артқан жағдайда әуе компаниясы рейстер санын аптасына 7-ге дейін арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ әуекомпания 2024 жылы Астана – Ханчжоу, Астана – Ченду және Алматы – Ченду әуе бағыттары бойынша рейстерді ашу мәселесін пысықтап жатыр. Air China әуекомпаниясы да Астана – Сиань – Бейжің бағыты бойынша орындалатын рейстер санын аптасына 2-ден 3-ке дейін ұлғайту мәселесін қарастырып жатыр", – делінген хабарламада.