«Қымбат дәрі-дәрмек, жалақының аздығы және кадр тапшылығы»

«Қымбат дәрі-дәрмек, жалақының аздығы және кадр тапшылығы»
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Қостанайда денсаулық сақтау қызметкерлерімен кездесуде не айтылды?

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Қостанай қаласындағы №4 емхана ұжымымен кездесу өткізді.

Емхананы аралау барысында үміткер тек медицина қызметкерлерімен ғана емес, науқастармен де тілдесті. Науқастардың бірі дәрі-дәрмек бағасының қымбат екеніне шағымданды. Ол 1 курс ем үшін тек инъекцияға 40 000 теңгеге жуық қаражат жұмсағанын айтты.

Дәрігерлер де емдеу мекемелеріндегі түйткілді мәселелерді жеткізді

«Дәрігерлер, әсіресе, кәсіби мамандар тапшылығы бар. Жалақы өте аз. Біз пациенттердің жағымсыз қарым-қатынасын да үнемі басымыздан өткіземіз. Жеке клиникаларда жағдай әлдеқайда жақсы. Мемлекеттік емханалар мен ауруханалардағы әріптестеріміздің көбі тәжірибе жинап, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарын жатқа оқып, жекеменшік мекемелерге жұмысқа кетіп жатыр. Бұл - дәрігерлер арасында жиі болатын қалыпты жағдай», - деді дәрігерлердің бірі.

Құқық қорғаушы Салтанат Тұрсынбекова мемлекет пен халық ынтымақтаса жұмыс істеу керектігін баса айтты. Үміткердің пайымынша, дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне жақсылап еңбек жағдайын жасау керек, өйткені азаматтарымыздың өмірі осы мамандарымызға тікелей байланысты:

«Денсаулық сақтау жүйесінде, медицинаға қаржы бөлуде барлық жерде шешімін таппаған мәселелер көп. Бұл мәселелерді тез арада шешу қажет деп есептеймін. Өйткені, дәрігерлерге жақсы жұмыс жағдайлары жасалғанда, олар да науқастарға оң әсерін тигізеді. Мұның бәрі жүйенің қалай дұрыс құрылатынына байланысты», - дейді Салтанат Тұрсынбекова.

Еске салайық, Қостанай облысы - кандидаттың сайлау алдындағы үгіт-насихат сапарларымен барған жетінші өңірі.