Кім кепілгер бола алады?

Кім кепілгер бола алады?
banki.ru

Айжан ӘБДЕТ, заңгер:

Азамат банктен несие немесе ипотека алуға барады. Несие алушының құжаттары толық болмай, зейнетақы қорындағы қаржысы аз, атында жеке мүлкі, үй мен көлік болмайды. Азаматтың ай сайын несиені төлеп тұра алатынына банк сенбейді. Банк несие алушыға жанында кепілгер (гарант) болса ғана несие береміз дейді.

Азамат өзінің туыс-туғандарына, достарына кепілгер болуын өтінеді. Кепілгердің айлығы жоғары, атында мүлкі бар, несиелік тарихы жақсы болуы тиіс.  Кепілгер банкпен келісімге келеді. Несие алушыда банк алдындағы жауапкершілік қандай болса, кепілгер де сол жауапкершілікті өз мойнына алады. Біріншіден, несиенің ай сайынғы кестесінде басты борышкер төлемесе, кепілгер төлеу керек болады. Екеуі де қарызды төлей алмай қалған жағдайда, шоттары бұғатталады. Бұл жерде кепілгер басын алып қаша алмайды. Себебі, кепілгер ретінде келісімшартқа қол қояды.

Гарант болудың салдары қандай?

Егер несие уақытында төленбесе, оның салдары өте көп. Біріншіден, басына қарыз жазылады. Екіншіден, шоттары бұғатталады. Үшіншіден, мемлекеттен шыға алмайды. Төртіншіден, несие алушының қарызы сотқа дейін барса, барлық сот отырысына қатысуға тура келеді. Өйткені, екеуінде жауапкершілік бірдей болады. Борышкердің несиені төлей алатынына толықтай сенгенде ғана кепілгер болу керек.

Жұмыс тәжірибемде несиеге жер алып, кепілгер ретінде анасы қызын ұсынып, кейін несиені төлей алмай қалған жағдай кездесті. Қызы кепілгер болуға заң бойынша толық талапқа сай. Басты борышкер уақыт өте келе жұмыстан шығып қалады да, несиені төлей алмай қалады. Сөйтіп, кепілгер қызының шоттары бұғатталады. Банк айлығынан ұстап қалады. Бүгінде осындай жағдайлар жиі кездеседі. Маман ретінде менен кеңес сұрады.  Амалын тауып, шыққан сот шешімі өзгертілді. Сот арқылы несие алушыға ай сайынғы төлейтін сомасын азайтып, ыңғайлы төлеу кестесін алып бердік. Бірақ сот арқылы ыңғайлы кесте алуға болатынына кепіл жоқ.  Заң бойынша қарыздан құтылып кету деген нұсқа жоқ. Борышкер қарыз алды ма, талап бойынша төлеуге міндетті. Сондықтан, борышкер де, кепілгер де аса мұқият болғаны жөн.