Кибершабуылдан қалай қорғануға болады?

Кибершабуылдан қалай қорғануға болады?
Сурет: Paryz.kz

Бүгінде технологияның дамуымен қатар интернеттегі қылмыс саны да артып отыр. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz хабарлайды Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің біріне айналды. Check Point компаниясының зерттеуіне сәйкес, 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда әлемдегі киберқылмыс саны 40%-ға өскен. Мамандар бұған пандемия кезінде барлық саланың онлайнға көшуі бірден-бір себеп екенін айтады. Еліміздегі жағдай да көңіл көншітерлік емес. Мәселен, мамыр айындағы соңғы деректер бойынша, Қазақстанда биыл 24 501 алаяқтық фактісі тіркелген. Ал оның 10 478-ін немесе 42,7%-ын интернеттегі алаяқтық құрайды. 2019 жылмен салыстырсақ, осыдан үш жыл бұрын киберқылмыстың 7 мың фактісі тіркелген. Бұл биылғы бес айдағы көрсеткіш қана.

Сарапшылар жыл соңында бұдан да әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Осыған байланысты еліміздегі киберқауіпсіздік мәселесі қалай шешіліп жатыр, салада қандай проблема бар, адамдар неліктен алданады, цифрлық сауаттылық деңгейін арттыру үшін не істеу керек деген сауалдарға жауап іздеуді жөн санадық.

Қазақстан киберкауіпсіздік рейтингінде 31-орында

Бүгінде жаһандық киберқауіпсіздік индексінде Қазақстан жоғары көтеріліп келеді. БҰҰ Халықаралық электрбайланыс одағының есебі бойынша Қазақстан 31-орында. Барлық критерий бойынша 15-тен 20 ұпайға дейін жоғары баға алып, индексі – 93,15 болды. Сарапшылар бұл Қазақстан үшін жақсы көрсеткіш екенін айтады. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын еліміз 83-орынға тұрақтаса, бір жыл бұрын 40-орынды иемденген еді. Аталған рейтингтің көш басында АҚШ (1-орын), Ұлыбритания мен Сауд Арабиясы (2-орын) және Эстония (3-орын) тұр. Ал Микронезия, Йемен және Ватикан секілді мемлекеттер жайлы деректер жоқ. Төмендегі кестеде киберқауіпсіздік рейтингі бойынша ең үздік он мемлекеттің диаграммасы берілген.

Ал посткеңестік және ТМД елдерінің ішінде еліміз Ресейден кейінгі екінші орында екенін байқаймыз. Қалған мемлекеттер киберқауіпсіздік бойынша рейтингте Қазақстаннан төмен орналасқан. Мәселен, Әзербайжан – 40, Молдова – 63, Өзбекстан – 70, Украина – 78, Беларусь – 89, Армения – 90, Қырғызстан – 92, Тәжікстан – 138, Түрікменстан – 144-орынға лайық деп танылған. Жалпы 200-ге жуық мемлекеттің ішінен Қазақстанның 31-орынға тұрақтауы елдегі киберқауіпсіздік саласының дамығанын көрсете ме? Бұл туралы Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының сарапшысы Әлайдар Әмірсейіттен сұрап көрген едік.

«Өзіңіз айтып отырғандай, 31-орын – жақсы көрсеткіш. Қазақстанда киберқауіпсіздік саласы жолға қойылып, жақсы дамып келе жатқанының бір дәлелі. Өйткені рейтинг жасаушылардың өз талаптары бар. Сондағы көрсеткіштер сарапталып, нәтиже шығады. Одан кейін бұл бәсекеге қабілетті ел екенімізді де көрсетіп отыр. Дегенмен алда заңнаманы жетілдіру, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, сонымен қоса техникалық ресурстар жағынан да жетілдіру жұмыстары күтіп тұр»,-деді ол.