Харассмент үшін жауапкершілік күшейтіледі

Харассмент үшін жауапкершілік күшейтіледі
Сурет: Rbc.ru

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жазасы қатайып келеді.

Астанада Орталық Азия елдері әйелдер диалогының халықаралық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Өңірдегі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес: тиімді және тұрақты бірлескен шешімдерді іздеу» тақырыбындағы жиын БҰҰ қолдауымен ұйымдастырылған.

Биыл Қазақстан 2023 жылғы Орталық Азия әйелдері диалогына төрағалығы аяқталады.

Жиынға Қазақстан мен Өзбекстан парламенті палаталарының спикерлері, Қазақстан президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан парламентшілері, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысып отыр. Қатысушылар Орталық Азия өңіріндегі гендерлік зорлық-зомбылықпен күресудегі және әйелдер құқықтарын қорғаудағы Парламенттер мен азаматтық қоғамның рөлін талқылайды, сондай-ақ гендерлік құқық саласындағы қолданыстағы заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге қатысты заманауи сын-қатерлер мен өзекті мәселелерді қарастырады.

Жиында сөз сөйлеген Ерлан Қошанов өңірдегі гендерлік теңдік мәселелерін көтеріп жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымының, сараптамалық қоғамдастық пен азаматтық сектор өкілдеріне арнайы ризашылық білдірді. Баяндамасында Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалық тұрғыда қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтып берді.

«Қазақстанда кейінгі жылдары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес аясында жазалар үнемі қатайып келеді. Бүгін біз, заң шығарушылар жұмысты одан ары жалғастырып жатырмыз. Депутаттар осы саладағы заңнамалық новеллалардың жаңа пакетін әзірлеуге кірісті. Біріншіден, біз тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қылмыстық жауапкершілікке тартуды жоспарлап отырмыз. Денсаулыққа орташа және ауыр зиян келтіргені үшін, қабылданған жағдайда, тек бас бостандығынан айыру көзделетін болады. Бостандықты шектеу сияқты жазаның бұл түрі толығымен алынып тасталады», - дейді Қошанов.

Оның сөзінше, «харассмент» деген түсінікті енгізу көзделген.

«Депутаттар бұл тақырыпты өздерінің депутаттық сауалдарында белсенді түрде көтеріп келеді. Сонымен қатар, қазір әйелдер "сталкинг" сияқты құбылыспен, яғни қудалауға жиі ұшырайды. Мұндай әрекеттер үшін көп елде қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Біздің елдерімізге де осындай әрекеттер үшін жазаны қатаңдату туралы ойланатын кез келді», - дейді Қошанов.