Халықаралық армия ойындары: Қазақстанның әскери қызметшілері үш сайыста жеңімпаз атанды

Халықаралық армия ойындары: Қазақстанның әскери қызметшілері үш сайыста жеңімпаз атанды
Сурет: министрлік

Аяқталған үш жарыс бойынша қазақстандықтар көш бастап тұр

Әскери қызметшілер арасындағы халықаралық ойындардың «Артиллериядан оқ ату шеберлері», «Тактикалық мерген» және «Меридиан» жарыстары аяқталып, олардың қорытындысы бойынша қазақстандық жауынгерлер көш бастап тұр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  Almaty.tv-ге  сілтеме жасап.

Жамбыл облысындағы «Гвардейск» полигонында өтіп жатқан минаатқыш есептоптардың жарысында қазақстандық артиллеристер үшінші эстафета кезеңінде де үздік деп танылды. Қазақстан командасы «Артиллериядан оқ ату шеберлері» байқауында екінші және үшінші орындарды иеленген Ресей мен Әзербайжанның әскери қызметшілерін басып озды.

Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында әскери топографтардың «Меридиан» байқауында қазақстандық команда жеңіске жетті. «Топографиялық квадратлон» деп аталатын қорытынды кезеңде қатысушылар «лабиринттен» өтіп, кедергілер жолағын еңсерді, бөлек-бөлек топографиялық карталардан объектілердің координаттарын анықтады.

Топогеодезиялық есептоп құрамында аға лейтенант Ернат Сұлтанғазы, аға лейтенант Нұрбек Рысқожаев және капитан Нұрболат Жұмабеков бағыт бойынша өтуден үздік нәтиже көрсетіп, оның нәтижесі Қазақстанға байқаудың жалпы жеңісін қамтамасыз етті. Екінші орын Қытай әскери қызметшілеріне, үшінші орын Беларусь еліне бұйырды.

«Меридиан» байқауында мамандардың күрделі геодезиялық есептоптардың ептілігін, топогеодезиялық бөлімшелердің шеберлігі мен үйлесімдігі тексеріледі. Бұндай сәтте интуиция және логикалық ойлау қасиеттері де маңызды. Биыл командалардың дайындық деңгейі жоғары", – деп атап өтті байқаудың бас төрешісі полковник Шаяхмет Әшіров.

Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында «Тактикалық мерген» байқауына қатысушылар қорытынды кезеңде топ құрамында іс-қимыл жасай отырып, оқ ату тапсырмаларын орындады. Қатысушылар ойлы-қырлы жерлермен жүріп өтіп, ғимараттағы және шатқалдағы нысаналарға оқ жаудырды.

"Қатысушыларға қосымша қиындық тудырған экстремалды дене белсенділігі мен жылдам қозғалыс болды. Сайысушылар дәл ату үшін күш-жігері мен байыптылығын сақтап, команданың тактикалық тұрғыдан тексерілген іс-әрекеттері туралы ұмытпаулары қажет болды. Себебі команданың бір мүшесінің қателігі бүкіл топтың нәтижесіне әсер етеді", - деп атап өтті байқаудың төрешісі Ғалым Садықов.

Соңғы кезеңде де және «Тактикалық мерген» байқауының қорытындысы бойынша да Қазақстан жауынгерлері жеңіске жетті. Байқауда екінші орынды Қытай командасы иеленсе, үшінші орынды Ресей мен Өзбекстанның әскери қызметшілері  өзара бөлісті.