Қазақтың киіз үйі халықаралық көрменің бейнесіне айналды

Қазақтың киіз үйі халықаралық көрменің  бейнесіне айналды
Сурет: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Аталмыш көрмеге әлемнің 50-ден астам елінің туристік өкілдері жиналды.

Қазақстан Елшілігі Израильдің экономикалық және мәдени өмірінің күнтізбесіндегі маңызды оқиғалардың бірі – 28-ші Туризм бойынша халықаралық жерорта теңізі көрмесінде (IMTM 2022) киіз үй экспозициясын ашты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Коронавирус пандемиясы басталғаннан бері алғаш рет оффлайн форматта өткен көрмеге бірнеше мың қонақтар, сондай-ақ әлемнің 50-ден астам елінің туристік өкілдері жиналды. Туристік жәрмеңкені Израиль Президенті Ицхак Герцог ашты.

Қазақ киіз үйі іс-шара қонақтарының ерекше ілтипатына бөленді, ал Израильдің Туризм министрі Йоэл Развозов экспозицияны алғашқылардың бірі болып тамашалады.

Көрмеге келушілер қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысып, киіз үй элементтерінің қасиетті мағынасы туралы біліп, қазақ тағамдарының дәмін татып, ұлттық киімдерді киіп көріп, қазіргі Қазақстанның табиғаты, сәулеті мен тұрғындары бейнеленген фотосуреттерді тамашалап, домбыраның әуеніне құлақ түрді.

IMTM Шығыс Жерорта теңізі аймағындағы туризм саласындағы ең ірі көрме болып табылады және Израильдің туризм министрлігі, Қонақ үйлер қауымдастығы, Туристік агенттіктер қауымдастығы және Израиль туроператорлар қауымдастығының кең қолдауымен өтеді.