Елде күнбағыс майының бағасы өскен

Елде күнбағыс майының бағасы өскен
Сурет: Tengrinews.kz

Қазақстанда күнбағыс майының өндірісі артты. Соған қарамастан, өнім бір жыл ішінде 12%-ға қымбаттаған. 

Energyprom сарапшылары жариялаған есепте көрсетілгендей, өңірлік бөліністе күнбағыс майы өндірісінің барлық көлемінің жартысына жуығын Шығыс Қазақстан облысы қамтамасыз етті - 78,1 мың тонна тазартылмаған және 33,6 мың тонна тазартылған май, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бұдан басқа тазартылмаған күнбағыс майы өндірісінің елеулі көлемі Абай (43,8 мың тонна) және Қостанай (9,1 мың тонна) облыстарына, тазартылған - Шымкент (24,2 мың тонна) және Алматы (10,4 мың тонна) облыстарына тиесілі болды.

«Осы жылдың қаңтар–мамыр айларында қазақстандық күнбағыс майын өндірушілер сұранысты 83,5%-ға, импортқа тиісінше 16,5%-ға қамтыды. Өткен жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда өндіріс көлемі 29,6%-ға, ал импорт 26,6%-ға артты», делінген зерттеуде.

Сарапшылардың айтуынша, 2022 жылдың шілде айының қорытындысы бойынша күнбағыс майы бір айда 1,4%-ға қымбаттады, ал жыл басынан бері бағаның өсуі 8,1%-ды құрады.

2021 жылғы шілдемен салыстырғанда бағалар 11,6%-ға өсті, бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен айтарлықтай төмен, ол кезде бірден 65,8%-ға қымбаттауы байқалды.