Қазақстанның ҰОК Нижат Рахимовқа қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстанның ҰОК Нижат Рахимовқа қатысты мәлімдеме жасады
Сурет: Inform.kz

Комитет Спорттық арбитраждық соттың шешімдерін құрметтейді.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен  жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы зілтемірші Нижат Рахимовқа қатысты өз мәлемдемесін жасады, деп хабарлайды Almaty-akshamy Olympic.kz сілтеме жасап.

«Халықаралық Олимпиада комитетінен Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетіне 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен  Жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, зілтемірші Нижат Рахимовты алтын медалінен (77 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) айыру туралы ресми хабарлама түскен жоқ. Қосымша ақпарат болған жағдайда Қазақстан ҰОК ресми мәлімдемейді», - делінген ҰОК мәлімдемесінде. 

Қазақстан ҰОК Спорттық арбитраждық соттың (CAS) шешімдерін құрметтейді. 

ҚР ҰОК Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) мен Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) допингке мүлдем төзбеушілік және «таза» спортшыларды қорғау жөніндегі саясатын қолдайды. Қазақстан ҰОК допингке қарсы күресте ХОК ережелері мен белгіленген нормаларын сақтау саясатын жүзеге асырады және Олимпиадалық хартия мен Дүниежүзілік допингке қарсы кодексті мойындайды, сонымен қатар жаһандық допингке қарсы қозғалыстың мүшесі болып табылады. 

Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңы да допингке қарсы халықаралық саясатты қолдайды және оны бұзғаны үшін спортшы мен оның кәсіби спорттық қызметімен бірге жүретін адамдарды жеке жауапкершілікке тартуды көздейді.

Естеріңізге сала кетсек,  Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов медалінен айырылуына қатысты пікір білдірген болатын. 

«Достар, Наурыз мерекесі күндері допингке қарсы CAS департаментінің 2016 жылы алынған бақылау сынамасына қатысты шешімі көңілімді түсіріп жіберді. Былтыр тамыз айындағы тыңдаулар кезінде ол жағдайға еш қатысым жоқ екенін айттым. Бірақ, өкінішке қарай, арбитр дәлелдерімді қабылдамапты», - деп жазды Instagram-дағы парақшасында Нижат Рахимов.