Қазақстанның прокуратурасында жаңа қызмет құрылды

Бұл қызмет мамандары елден кеткен қаржыны қайтарумен шұғылданады.
Қазақстанның Бас прокуратурасында жаңа қызмет құрылды, бұл қызмет мамандары елден шетелге заңсыз кеткен қаражатты қайтару шұғылданады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
"Мемлекет басшысының елге заңсыз шығарылған қаржы қаражатын қайтару, сондай-ақ экономикалық ресурстардың монополиялық (олигополиялық) шоғырлануын анықтау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде осы бағыттағы барлық мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 қазандағы №1029 Жарлығымен Бас прокуратурада Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметі құрылды", - делінген прокуратураның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бас прокуратура құрылымындағы бұл өзгерістер елден капиталдың кетуіне және шығарылған активтерді қайтаруға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауға мүмкіндік береді.
Құрылған қызметтің негізгі міндеттері – экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға және тауар нарықтарын монополиясыздандыруға, сондай-ақ шетелден заңсыз активтерді репатриациялауға ықпал еткен жағдайларды анықтау бойынша жүйелі шараларды әзірлеу және іске асыру.