Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелікке қабылданғанына – 32 жыл!

Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелікке қабылданғанына – 32 жыл!
almaty-akshamy.kz

Халықаралық саясат бүгінде күн сайын құбылуда. Алып державалар халықаралық нормаларға бағынуда салғырттық танытып, халықаралық құқық дағдарысына куә болудамыз. Сәйкесінше, күн сайын халықаралық тәртіп пен нормалардың жүзеге асуын қадағалайтын бірден-бір маңызды ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымының ықпалы мен рөлі артуда. Қазақстан бүгінде халықаралық саясатта сенімді қаты­сушы ғана емес, беделді орта держава статусындағы мемлекетке айналды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-cессиясында, 1992 жылғы 2 наурызда Қазақстан ресми түрде ұйымға мүшелікке қабылданған еді. БҰҰ құрамында 32 жыл ішінде еліміз аймақтық, халықаралық мәселелерді беделді ұйым мінберінде өткір көтеріп, тиімді шешімін табу жолында ауқымды жұмыстар атқарды. Қазақстан Орталық Азиядан алғаш рет, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Халықаралық беделді ұйым аясында соңғы отыз екі жыл ішінде еліміз жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту, Таяу Шығыстағы геосаяси тұрақсыздықты реттеу, терроризммен күрес, Арал теңізі мысалында әлемдегі экологиялық мәселелерді тиімді шешу және тағы да басқа жаһандық мәселелерді дипломатия арқылы шешуде ұйым шеңберінде бел­сенді жұмыс жасап келуде. Мақаламызда мерейлі дата аясында Қазақстанның БҰҰ шеңберіндегі ықпалы мен рөлін талдаймыз.

  • Қазақстан БҰҰ мүшелігіне қабылдан­ған сәтте әлемде қуаты бойынша төртінші саналатын әлеуетті ядролық қаруға ие болды. БҰҰ шеңберінде еліміз яд­ролық қарудан бейбіт түрде бас тартып, Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы шешім қабылдауы халықаралық қауымдас­тық тарапынан жоғары бағаланып, әлем­де қарусыздану қозғаласы саласында көш­басшыға айналуға негіз болды. БҰҰ Бас Ассамблеяның шешімімен 2009 жылғы желтоқсанда Семей полигоны жабылған күн – 29 тамыз – халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні болып жарияланды.

Еліміз БҰҰ-ға қабылданған сәттен кейін, 1993 жылғы 16 ақпанда Қазақстанның БҰҰ жанындағы өкілдігі Алматы қаласында ашылды. Аталмыш өкілдік бүгінгі таңға дейін тиімді жұмыс жасап келуде. Қазақстан БҰҰ құрамында алғашқы күндерден бастап маңызды бастамалардың жаршысы бола білді. Алғашқы халықаралық бастамалары­ның бірі – 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы­ның 47-сессиясында Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру идеясы болды.

Аталмыш ұйым Еуропада тиімді жұмыс жасап келе жатқан Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық (OSСE) ұйымының Азиядағы баламасы іспетті еді. Қазіргі таңда АӨСШК-ге Азия халқының 90 пайызы 28 мемлекет құрамына мүше іргелі ұйым. Ұйымның қазіргі таңда Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты сақтауында еліміздің үлесі ерекше. АӨСШК VI саммиті 2022 жылы Астана қаласында өтіп, Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірегей тұ­жырымдамасы қабылданды.

Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның байланысы көп жақты дипломатия ая­сында құрылымдық негізде қалыптасты. Қа­зақстанның БҰҰ аясында қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі – аймақтағы экономикалық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған БҰҰ-ның Орталық Азия ел­дерінің экономикалық дамуына арналған арнайы бағдарламасының қабылдануы еді (SPECA). Сонымен қатар, тұтас Орталық Азияға ықпалға ие аймақтық қауіпсіздікті нығайту үшін құрылған Орталық Азиялық превентивті дипломатия орталығы Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты құру жобалары еліміздің БҰҰ шеңберінде аймақтық қауіпсіздік қалыптастыру жолында қалыптастырған маңызды жобалары болды.

Бітімгершілік қызмет

Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында БҰҰ бітімгершілік күштерінің ықпалы ауқымды әлеуетке ие. Соңғы жетпіс жылдық тәжірибеде БҰҰ бітімгершілік қыз­меті әлемнің түрлі аймақтарындағы қақты­ғыстарды бейбіт реттеуде бейбіт тұрғындар­ды қажетті қауіпсіздікпен қамтамасыз етуде жоғары тиімділігін көрсетіп келді. Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік күштері сапында әскери қақтығыстарды бейбіт түрде шешу жолында белсенді қызмет көрсетуде. Қазақстандық бітімгерлер Батыс Сахарада (MINURSO) және Кот-д'Ивуарда (UNOCI) Ливанда (UNIFIL) бітімгерлік күштеріне қа­тысты. Биыл, алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанға бітімгерлік миссияны өз бетінше жіберуге және орындауға мандат берді. Қазақстандық контингент құрамында 139 әскери қызметші БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес қарсылас тараптар арасын­да атысты тоқтату, бейбітшілікті қалыптас­тыруда Голан жоталарындағы бөлінген жер­лерді «БҰҰ-ның бақылау күштері» (SONNR) миссиясы негізінде бітімгерлік контингент режимін сақтау міндеттерін орындайтын бо­лады. Осыған дейін еліміздің әскери ротала­ры Үндістан контингенті аясында бітімгерлік миссиясын орындаса, бүгінде жеке мандат алуы еліміздің халықаралық қауіпсіздік сала­сындағы орта державалы мемлекет ретінде мойындалғанын көрсетеді.

  • Халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуде бітімгершілік қызметінен бөлек, Қа­зақстан БҰҰ шеңберінде 2017 жылдан бас­тап Сириядағы тұрақсыздық мәселесі бойын­ша Астана процесінің 17 раунды кездесулерін өткізіп, аймақтық тұрақсыздықты БҰҰ ұста­нымдары аясында шешудің негізін қалады.
  • БҰҰ ұстанымдары аясында Қазақстан Ауғанстандағы саяси шиеленісті аймақтық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде превен­тивті негізде шешудің құрылымдық негізін қалады. Мысалы, 2021 жылы, тамыз тәліп­тер Кабулды басып алғаннан кейін Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету миссиясына (UNAMA) халық­аралық қызметкерлерін Алматыдағы уақыт­ша кеңсеге көшіру арқылы қолдау көрсетті.

Бүгінде Қазақстанда БҰҰ-ның 27 сала­лық агенттіктері сәтті жұмыс атқаруда. Мәде­ниет, экология, білім мен ғылым және т.б. салаларда жергілікті басқару органдары үкі­меттік емес ұйымдармен бірлесіп ортақ жо­баларды жүзеге асыруда. БҰҰ агенттік­терінің еліміздегі қызметі құрылымдық тұр­ғыда теңсіздікті жою, әлеуметтік саяси инс­титуттарды модернизациялау, экономиканы әртараптандыру, табиғи ресурстарды басқару және балалар, әйелдер, инклюзивті топтар және босқындар секілді салалы мәселелерді дипломатиялық негізде шешуде жұмыстар атқарады. Сондай-ақ, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2021 жылы Арал өңірін экологиялық иннова­циялар мен технологиялар аймағы деп жа­риялау туралы резолюция қабылдады, бұл аймақты сақтау және оның экологиясын жақсарту жөніндегі міндеттемені атап өтті.

  • Қазақстанның БҰҰ-мен көпжақты дип­ломатия аясындағы серіктестігі соңғы отыз жылда адам құқығын сақтауда, инклюзивті әлеуметтік қоғам қалыптастыруда, әртарап­тандырылған экономика және аймақтық экологиялық мәселелерді шешуде өзара ын­тымақтастық негізінде жүзеге асырылуда.
  • Қазақстанның көпвекторлы сыртқы сая­сатының стратегиялық мәні халықаралық ұйымдармен көп жақты дипломатиялық қа­рым-қатынасқа негізделген. Бұл тұрғыда еліміздің БҰҰ шеңберіндегі сыртқы саясаты Қазақстанның халықаралық саясаттағы бел­сенді қатысушы екендігін айғақтайды.

№19 (6470) 5 наурыз, 2024 жыл