Қазақстандықтардың өмір сүру жасы ұзарды

Қазақстандықтардың өмір сүру жасы ұзарды
Сурет: Rabochy-put.ru

Бұл - Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сөзі.

Елімізде ана мен бала өлімі азайған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Министр Президент тапсырмасын орындау үшін кешенді жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

«Тапсырмаларды іске асырудың арқасында халықтың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштері жақсарды. Былтыр 11 айда халықтың жалпы өлім-жітімі 2021 жылмен салыстырғанда 30%-ға (29,7%) төмендеді: қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім – 34% (33,7%), обыр – 8% (8,3%), тыныс алу ауруларынан болатын өлім-жітім – 1,7 есе, туберкулезден болатын өлім-жітім – 12,5%»,деді Ажар Ғиният.

Министрдің айтуынша, былтыр ана өлімі 3 есе (2021 жылы – 185 дерек, 2022 жылы – 57 дерек), ал нәресте өлімі 3% төмендеген.

«Өткен жылы халықтың өмір сүру ұзақтығының артқаны сөзсіз. Жылдық ресми статистика қорытындысы бойынша, өңірлердің денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері мен кемшіліктері министрліктің келесі алқа отырысында қаралады», - деді министр.