Қазақстандық теннисші Мадрид турнирінің екінші айналымына шықты

Қазақстандық теннисші Мадрид турнирінің екінші айналымына шықты
Сурет: Tengrinews.kz

Қазақстандық, әлемнің 44-ракеткасы Юлия Путинцева Мадрид WTA 1000 турнирін жеңіспен бастады.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 48-ракеткасы, америкалық Шелби Роджерспен кездесті. Бірінші партияда есеп 5:5 болған мезетте Ю.Путинцева тағы бір брейкке қол жеткізіп, сосын осы басымдығын сақтап қалды – 7:5. Екінші сетті де брейкпен бастағанымен, қарсыласы таразы басын теңестіре білді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Дегенмен есеп 5:5 болғанда, Юлия тағы бір брейк жасап, сосын матч-пойнтын құр жіберген жоқ – 7:5. Екі сағатқа созылған тартысты бәсеке барысында Ю.Путинцева эйс жасамағанымен, 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 6 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Қазақстандық спортшы үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 16-ракеткасы, тағы бір америкалық Кори Гауфпен таласады. Ол бастапқы кездесуінде словакиялық Анна Шмидловадан айласын асырды – 6:0, 6:2. Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина ертең дүниежүзілік рейтингте 93-орында тұрған франциялық Осеан Доденмен ойнайды.

Жүлде қоры 6,5 млн еуродан асатын ірі жарыс 7 мамырда мәреге жетеді.