Қазақстандық өнертапқыш ерекше құлаққап ойлап тапты

Қазақстандық өнертапқыш ерекше құлаққап ойлап тапты
Сурет: видеодан алынды

Қазақстандық өнертапқыштар бірнеше секундта күйзелістен шығуға көмектесетін нейроқұлаққаптар ойлап тапты.

Жобаны 5 жыл бойы ғалымдармен бірлесіп зерттеген. Гаджет көпшілік назарына иннопром халықаралық көрмесінде ұсынылды. Цифрлық медитация. Қазақстандық өнертапқыштар Иннопром халықаралық көрмесінде нейроқұлаққаптар ұсынды. Құрылғыда 10 режим бар, 6 секундтан 3 минутқа дейін уақыт аралығында адамның жүйке жүйесін тыныштандырып, тынығып алуға мүмкіндік береді.

«Біз адамдарға күйзелістен шығуға, аз уақыт ішінде көмектесуге мүмкіндік беретін әдіс іздедік. Нәтижесінде осындай нейроқұлаққаптар ойлап таптық. Бұл гаджет мемлекеттік қызметшілерге де, медициналық мекемелерге де, тіпті барлық жерде жақсы көмектеседі», - дейді жоба авторы Қанат Нұрымбеков.

Жобаны іске асыру үшін 5 жыл уақыт кетті. Қазір мамандар Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің базасында зерттеу жүргізіп жатыр. Әзірлеушілер гаджетті релаксация бөлмелерінде қолданылатын медициналық құрылғы ретінде ұсынуды жоспарлап отыр.

«Денсаулыққа әсер етпейді. Жобаны біз психология тұрғысынан ғана емес, медицина жағынан да зерттедік. Ғалымдармен бірге жұмыс істедік. Шетелден де мамандар тарттық. Біз үшін ең бастысы – адамдардың денсаулығы. Әлі де бірқатар зерттеу жүргіземіз», - дейді жоба авторы, психолог Жұлдыз Жанделеева.