Қазақстандық фильм халықаралық байқауға қатысып жатыр

Қазақстандық фильм халықаралық байқауға қатысып жатыр
Сурет: Сulture

Фестиваль Ресейдің Иваново облысында 22-27 шілде аралығында өтеді.

Андрей Тарковский атындағы «Айна» халықаралық кинофестивалінің басты байқауына сегіз фильм қатысады, оның ішінде Қазақстан, Сербия, Грекия, Колумбия, Ресей және басқа да елдердің фильмдері бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Тарковскийдің туған жері Юрьевецте режиссердің туғанына 90 жыл толуына арналған концертпен ашылады.

Негізгі байқауға 8 фильм ұсынылып отыр, бұл картиналарды түсіруге 10 мемлекет мамандары тартылған. «Айна» халықаралық байқауына дәстүрлі түрде әлемнің түкпір-түкпірінен келген авторлық фильмдер қатысады.

Байқауға қазақстандық Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» фильмі жолдама алып отыр. Айта кетейік, режиссер Асқар Ұзабаев, продюсер Баян Алагөзова түсірген «Бақыт» фильмі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне арналған.

Биыл бұл картина Берлин кинофестивалінде жүлдеге ие болған болатын. Сондай-ақ бағдарламаға Ресейден Тина Мастафаеваның «Тембот» фильмі мен Мария Игнатенконың «Призрачно-белый» картинасы, сербиялық Милош Пушичтің «Жұмысшы табының қаһармандары», грекиялық Кристос Пасалис пен Силас Цумекастың «Қала мен қала» фильмдері мен басқа да жобалар еніп отыр. Қазылар алқасын Тарковскийдің курстасы, режиссер Али Хамраев басқарады.