Қазақстандағы зейнеткерлердің зейнетақысы өсетін болды

Қазақстандағы зейнеткерлердің зейнетақысы өсетін болды
Сурет: 24.kz

Жәрдемақы алушыларға төленетін ақша көлемі өседі.

Қазақстан Үкіметінің мүшелері әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Еңбек министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сәуір айынан бастап Қазақстандағы зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылардың төлемдері көбейетін болады. Бұл туралы Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтқан.

«Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау – Қазақстанның ішкі саясатының басты басымдығы. Әлемдік экономикадағы жаңа жағдайлардың елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға теріс әсерін азайту мақсатында бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысында қаралып жатқан бюджет жобасында азаматтарды әлеуметтік қолдауды күшейту үшін қосымша 185 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат зейнетақылар, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қосымша 4%-ға индекстеуге бағытталатын болады. Бұл жиынтығында 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда ынтымақты зейнетақылар мөлшерінің 11%-ға, ал базалық зейнетақының және басқа да төлемдердің 9%-ға өсуін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде әлеуметтік қамтамасыз етуге және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына арналған шығыстардың жалпы көлемі 4.4 трлн теңгеден немесе республикалық бюджет шығыстарының төрттен бір бөлігінен (25%) асады», – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Вице-министр бүгінгі таңда еліміздің 4,2 млн азаматы түрлі әлеуметтік төлемдерді (зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер) алушылар болып табылатынын атап өтті, оның ішінде: 2,3 млн – зейнеткерлер, 1,2 млн – бала тәрбиелеп отырған отбасылар, 700 мыңға жуығы – мүгедектігі бар адамдар және азаматтардың басқа да санаттары бар.

«Зейнетақылар мен жәрдемақыларды жоғары мөлшерде төлеу сәуір мен мамыр айларына қосымша ақыны ескере отырып, маусым айында жүзеге асырылатын болады», – деп түйіндеді өз сөзін вице-министр.