Қазақстандағы мал есепке алына бастайды

Қазақстандағы мал есепке алына бастайды
Сурет: Eldala.kz

1 ақпаннан бастап меншіктегі малды тіркету керек.

Қазақстан Үкіметі мемлекет азаматтарының меншігіндегі малды тіркетуге шақырып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мамандардың айтуынша, осы арқылы тіркелмеген ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және тіркеу жөніндегі жұмысты аяқтауға болады. 

«Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» деректер базасында «Жасыл дәліз-3» функционалын іске қосуды тапсырды. Бұл тіркелмеген ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және тіркеу жөніндегі жұмысты аяқтауға мүмкіндік береді», - деп жазды АШМ-нің баспасөз хатшысы Дамир Аспан Facebook-тегі парақшасына. 

Функционал 2022 жылғы 1 ақпаннан 31 мамырға дейін жұмыс істейді деп жоспарланып отыр және бұл тек арнаулы аймаққа ғана емес, бүкіл елдің шаруашылығына қатысты. 

«Министр ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ережелеріне, сондай-ақ тіркелмеген жануарларды тіркеуде бірдейлендіру жөніндегі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тапсырды. Бұған қоса дерекқорға түзетулер енгізу алгоритмін әзірлеу бойынша жұмысты жеделдету қажет. Дедлайн биылғы жылдың мамыр айының соңына дейін. Қазақтың шұрайлы жерін басып, шөбін жеп жүрген әр мал есепте болуы тиіс, тартып алады, салық ұлғайтады деген сынды жансақ пікірден аулақ болыңыздар, ағайын», - деп жазды Дамир Аспан.

Мамандардың айтуынша, «Жасыл дәліз – 2» аясында жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша, тек Маңғыстау облысында қосымша 71 343 ауыл шаруашылығы жануары тіркелген еді.