Қазақстандағы қарттар үйінде қанша қария тұрып жатыр?

Қазақстандағы қарттар үйінде қанша қария тұрып жатыр?
Сурет: Atr.kz

Ұлттық статистика бюросы еліміздегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар туралы мәліметтерді жариялады.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылдың соңында Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 281 ұйым (2021 жылы – 272 бірлік) болды, оның ішінде стационарлық үлгідегі 172 ұйым, жартылай стационар – 75, уақытша қабылдайтындар – 31, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің бірнеше шарттары бар 3 ұйым бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

“2022 жылдың соңында осы ұйымдарда тұратындардың саны 40 321 адамды құрады, оның ішінде зейнет жасындағылар – 13 624 адам (33,8%), Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері – 14 адам (0,03%)”, – делінген хабарламада.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымдарда тұратындардың негізгі контингенті – мүгедектігі бар адамдар. Олардың саны – 24 724 адам немесе қызмет алушылардың жалпы санының 61,3%-ы.

Айта кетейік, 245 мекеме мемлекеттік меншікте болса, 36-сы жеке меншікте (оның ішінде шетелдік меншікте – 4).   

Бүгінде Қазақстанда қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған 48 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді, онда 5 756 адам тұрады. 2021 жылы 53 қарттар үйі жұмыс істеді, онда 7 321 адам тұрды.