Қазақстанда жаңа үш төсбелгі пайда болды

Қазақстанда жаңа үш төсбелгі пайда болды
Сурет: Yassy-tur.kz

Үкіметтің 2022 жылғы 11 қарашадағы Қаулысымен Үкімет құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдарды ведомстволық наградалармен марапаттау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Атап айтқанда, үш жаңа төсбелгі қосылды:

  • «Үздік цифрландырушы»

Аталған төсбелгімен қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген, міндеттерін адал орындаған, цифрландыру саласында 15 және одан да көп жыл еңбек еткен жұмыскерлер марапатталады. Сондай-ақ айрықша жағдайларда цифрландыру саласына айрықша еңбек сіңірген басқа сала өкілдері де марапатталады.

  • «Ахмет Байтұрсынұлы»

Бұл төсбелгімен гуманитарлық саланың өкілдері, қазақ тілінің мәртебесін көтеруде шығармашылық белсенділік танытқан тұлғалар, қазақ тілін оқыту бойынша IT жобалардың жетекшілері, сондай-ақ гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға елеулі үлес қосқан шетел азаматтары марапатталады.

  • «Еңбек сіңірген саудагер»

Үшінші жаңа төсбелгімен 10 жыл жұмыс өтілі бар сауда саласындағы қызметкерлер және қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген азаматтар, сондай-ақ сауданы дамытуға елеулі үлес қосқан өзге де тұлғалар марапатталады.

Қаулы 2022 жылғы 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.