Ел тұрғындары табысының жартысын азық-түлікке жұмсайды

Ел тұрғындары табысының жартысын азық-түлікке жұмсайды
Сурет: Inform.kz

Төрт өңірде халықтың шығысы кірісінен жоғары.

Қазақстандықтардың шығындары жан басына шаққанда орташа есеппен алғанда 225,3 мың теңге. Бұл – халықтың орташа табысының 94,6%-ы, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Шығыс кірістен асып түсетін төрт өңір бар: Алматы қаласы (10,6%-ға), сондай-ақ Алматы (10%-ға), Жетісу (9,9%-ға) және Түркістан (5,4%-ға) облыстары.

Халық шығынының 51,4%-ы немесе 115,8 мың теңгесі бірден ең қажетті азық-түлік тауарларына бағытталды. Ал еліміздің төрт өңірінде – Маңғыстау, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында азық-түлікке жұмсалған қаражат шығыстардың 60%-дан астамын құрайды.

Бұл облыстарда тұрғын үймен қамту көрсеткіші де төмен. 2021 жылдың қорытындысы бойынша тізімді Жамбыл, Түркістан және Алматы (қазіргі уақытта Алматы және Жетісуға бөлінген) облыстары бастайды.

Бұл өңірлердің тұрғындары үшін, сондай-ақ, негізінен, салыстырмалы түрде табысы төмен барлық қазақстандық үшін тұрғын үй мәселесін шешудің уақыт сынынан өткен нұсқасы – тұрғын үй жинақтары жүйесі. 

Сонымен қатар жалақысы төмен қазақстандықтар коммерциялық банктердің стандартты ипотекалық бағдарламаларын ала алмайды: несиелік қаражат банктердің мөлшерлемелерін есепке алғанда тым қымбатқа түседі. Тұрғын үй құрылысы жинақтары табысы төмен болса да жүйелі түрде қаражат жинауға, содан кейін қолайлы мөлшерлеме бойынша несие алуға көмектеседі. Бұл құрал қазір барлығына дерлік қолжетімді.