Қазақстанда контейнер өндірісі жолға қойылады

Қазақстанда контейнер өндірісі жолға қойылады
Сурет: Сredotrans.ru

Қазір әлем елдері жүктерді контейнерлермен тасымалдауға қарқынды түрде көшіп жатыр.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп тасымал нарығына мұқият талдау жүргізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.k ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Экспорттық жүктерді контейнерлеудің болжамды көлемі және контейнерлерге қажеттілік айқындалды. 

Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бастапқы кезеңде 2 млн тонна жүкті контейнерлендіру жоспарланып отыр. Қытаймен шекарадағы карантиндік шектеулерге байланысты еліміздің негізгі кәсіпорындары - АрселорМиттал, ERG, Қазмырыш, Қазхром, Қазминералс және YDD өз жүктерін контейнерлеуге қызығушылық білдірді.

Экспортты тасымалдау үшін «Қазақстан темір жолы», Исткомтранс және Fesco көлік компаниялары жеткілікті контейнерлік парк құру мәселесін қарастыруда. Сериялық өндірісті 2022 жылдың желтоқсанында жүзеге асырып, жылына 10 мың контейнерге дейін өндіру жоспарланып отыр. Мәселен, «Қазақстан Инжиниринг», KLMZ «Мэйкер», SMP Group және FESCO отандық зауыттар базасында 20 және 40 футтық контейнерлер, сондай-ақ рулонды болат пен кен жүктеріне арналған контейнерлер өндірісін жолға қою жұмысы жүргізілуде.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» отандық контейнерлерді өндірушілер мен сатып алушылар үшін жеңілдікпен кредит беру тетігін іске қосады.

Жалпы, 22 млн тонна экспорттық жүкті контейнерлерге қайта бағдарлау көзделуде. Бұл қосымша 117 мыңға жуық контейнерді қажет етеді.

Отандық өндірісті жолға қою контейнерлердің жеткілікті паркін қалыптастыруға, тасымалдарды контейнерлеу үлесін 30%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.