Қазақстанда қанша адам жәрдемақыны Отбасының цифрлық карта арқылы алды

Қазақстанда қанша адам жәрдемақыны Отбасының цифрлық карта арқылы алды
Сурет: ашық дереккөз
Отбасының цифрлық картасын енгізудің нәтижесінде2023 жылы 192,5 мыңнан астам қазақстандық мемлекеттік қызмет алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің мәліметінше, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 536,9 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS-хабарлама жолданды. Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 192,5 мыңнан астам адам пайдаланды. Сонымен қатар, 64,4 мыңнан астам жұмыссыз азамат жұмыс іздеу мүмкіндіктері туралы, тегін оқудан өту және жұмыспен қамту саласындағы басқа да мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат алды.

"Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады. Бүгінгі таңда онда Қазақстанның 19,7 млн-нан астам азаматы немесе 6 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған", – делінген хабарламада.
Министрлік атап өткендей ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер ресімдеуге мүмкіндік береді:
  • еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
  • жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
  • асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы;
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы;
  • мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
  • "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы;
  • атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.