Қазақстанда фермерлерді қаржыландыру көлемі артты

Қазақстанда фермерлерді қаржыландыру көлемі артты
Сурет: Inform.kz

Форвардтық сатып алу көлемі 2 есеге артты.

Биыл форвардтық сатып алу көлемі 2 есеге артты. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Өздеріңізге мәлім, соңғы уақытта ауыл шаруашылығы өндірісіне арналған тауарлық-материалдық құндылықтардың бірнеше есе қымбаттауы байқалуда. Осыған байланысты, қазіргі уақытта көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін қосымша 70 млрд теңгеге ұлғайтып, бюджеттік кредит берудің жалпы көлемін 140 млрд теңгеге жеткізу мәселесі пысықталуда. Азық-түлік келісімшарт корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы 80 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген кредитпен қамтамасыз етілген. Бұл ретте, ағымдағы жылы форвардтық сатып алу көлемі 2 есеге артты», - деді Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар ол, 1 сәуірдегі жағдай бойынша, «Кең дала» бағдарламасы бойынша 63,1 млрд теңге сомасына өтінімдер қаржыландырылғанын айтты. Мұнымен қоса, сондай-ақ Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 57,2 млрд теңге сомасына өтінімдерді қаржыландырды. Бұдан басқа, 200 мың тонна көлемінде тұқымдық астық қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуға 20 млрд теңге бөлу мәселесі пысықталып жатыр. 2021 жылғы құрғақшылық қайталанған жағдайда, мал мен құс басының сақталуын қамтамасыз етеді.

Әкімдіктердің деректері бойынша 2022 жылы жалпы егіс көлемі 23,1 млн гектарды құрайды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 125 мың гектарға артық.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында өңірлерге шығу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына келіп түскен азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау нәтижелері талқыланып жатыр. Депутаттардың өңірлерге сапарлары барысында көтерілген екі мыңға жуық сұрақ Үкімет тарапынан жан-жақты сарапталып, қаралды.