Қазақстанда Daryn HUB ғылыми-зерттеу орталығы ашылады

Қазақстанда Daryn HUB ғылыми-зерттеу орталығы ашылады
Сурет: Marcumllp.com

Орталықта дарынды балалардың қатысуымен ғылыми-практикалық жұмыстар жүргізіледі.

Елімізде дарынды балалармен жұмыс істеуге арналған жаңа ғылыми-зерттеу орталығы ашылады. Бұл туралы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әнуар Ұнайбеков мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Тағы бір ықтимал жоба «Daryn HUB» ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы. Аталған орталықты ашу бізге ірі халықаралық олимпиадаларға құрама командаларды неғұрлым жоғары деңгейде дайындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, орталықта дарынды балалардың қатысуымен ғылыми-практикалық жұмыстар жүргізіледі. Одан бөлек, біз мамандандырылған білім беру ұйымдарымен жұмыс шеңберінде аккредитация жүйесін іске қосуды жоспарлап отырмыз», - деді Әнуар Ұнайбеков ҚР Оқу-ағарту министрлігінде өткен аппарат жиналысында.

Сонымен қатар мекеме басшысы «Дарын» орталығының 25 жылдығына орай Қазақстан олимпиадашыларының слеті өтетіні туралы тілге тиек етті.

«Маркетингтік жұмыс аясында халықаралық олимпиада жүлдегерлерінің суреттерін елорданың орталық саябағындағы Атырау көпіріне орналастыруға рұқсат алдық. Жақын арада дарынды балаларымыздың суреттері ілінеді. Сол сияқты соңғы 30 жыл ішінде республикалық және халықаралық олимпиада жүлдегерлер санының қаншалықты өскенін есептедік», - дейді ол.