Қазақстанда брендтік аяқкиімнің бір айдағы көлемі 80%-ға артты

Қазақстанда брендтік аяқкиімнің бір айдағы көлемі 80%-ға артты
Сурет: Baq.kz

2023 жылдың 1 сәуірінен бастап елімізде аяқкиім өнімдерін таңбалау мен қадағалау ережелері толық күшіне енді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, биыл наурызда 6 145 348 аяқкиім таңбаланған. Бұл ақпан айындағы көрсеткіштен 80%-ға (3 365 438) жоғары, деп хабарлады Elorda.info.

Сонымен қатар 2022 жылмен салыстырғандатауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесіндегі бизнестің белсенділігі 46%-ға ұлғайғаны байқалып отыр.

2023 жылдың 1 сәуірінен бастап елімізде аяқкиім өнімдерін таңбалау мен қадағалау ережелері толық күшіне енді. Демек, бұдан былай тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесінде (ТТҚ АЖ) тіркелмеген аяқкиімді сатуға тыйым салынады.

Міндетті таңбалау процесіне алдын ала дайын болу үшін кәсіпкерлерге екі жылдан астам уақыт берілді: 2019 жылдың 30 маусымында қанатқақты жоба іске қосылса, 2021 жылдың 1 қарашасында аяқ киімді таңбалау ережелері бизнеске көптеген жеңілдігі қарастырылған заңнамалық ережеге айналды.

Тауарларды таңбалау мен қадағалау жүйесінің негізгі мақсаты – Қазақстанда ашық сауданы дамыту. Жоғарыда аталған ақпараттық жүйеде (ТТҚ АЖ) аяқ киім өнімдерінің картасын тіркегенсоң оған қатысты ақпарат пайда болады. Соның негізінде өнімнің бірегей таңбалау коды қалыптасады. Сол арқылы әр аяқ киімнің данасы жеке, яғни бөлек қадағаланады.

«Біріншіден, таңбалау процесі тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл арқылы сатып алушы қажетті өнім туралы толық ақпаратқа қанығып, таңдау құқығын иеленеді. Таңбалау мен қадағалаудың екінші маңызды мақсаты – көлеңкелі экономиканы тежеу. Яғни, заңсыз импортты және оған қатысты нарықты жою көзделіп отыр», - деді QazTextileIndustry (дербес басқару ұйымы) ұлттық жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басқарма төрағасы Гүлмира Уахитова.

Былтыр елімізде қаңтар-наурыз аралығында 223,9 мың дана аяқкиім шығарылса, биыл оның мөлшері 421,5 мыңға жеткен. Өндірістік динамика 88%-ға артқан.

Еске сала кетейік, Қазақстанда цифрлы таңбалау мен қадағалау тетігі 3 өнім түрлеріне қолданылып келеді. Атап айтсақ, 2020 жылдан бастап темекі өнімдеріне, 2021 жылдың қарашасынан бастап аяқкиім өнімдеріне, сондай-ақ былтырғы қараша айынан бері 90 дәрілік затқа қолданылып жатыр.