Қазақстанда баспанаға деген сұраныс жоғары

Қазақстанда баспанаға деген сұраныс жоғары
сурет:ratel.kz

Қайталама нарықтағы үй бағасы сол күйінде қалуы мүмкін.

Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко тұрғын үй нарығындағы ахуал туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мәмілелер жеткілікті әрі тұрақты көлемде жасалып жатыр. Қазақстан бойынша ай сайынғы мәмілелердің жалпы саны 35 мың деңгейінде қалады деп болжауға болады. Айырмашылық 2-3 мыңның көлемінде», - дейді Нина Лукьяненко.

Сарапшы жылжымайтын мүлікке сұраныс айтарлықтай жоғары екенін айтады.

«Біздің елде тұрғын үйге деген сұраныс жоғары болып қала береді - халықтың табиғи өсімі мен көші-қон қарқыны оң», - дейді ол.

Маман қайталама нарықтағы жылжымайтын мүлік ұсыныстары жоғары болғандықтан, оның бағасы көтерілмейді деп болжайды.

Ал бастапқы нарықта ұсыныс азаюы мүмкін.

«Жаңа жобалар санының айтарлықтай төмендеуі, сондай-ақ құрылыс материалдарының қымбаттауы бастапқы нарықта тұрғын үй бағасын көтеруі мүмкін. Сату бөлімдерінде үлкен кезек болмағандықтан, құрылыс компаниялары түрлі акцияларды ұсынып жатыр», - деп түсіндірді Нина Лукьяненко.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылғы қарашадағы жағдай бойынша, қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы 12 айда 26,9%, жаңа тұрғын үйдің бағасы 17,3% өскен. 2022 жылдың қарашасында көп қабатты тұрғын үй жалдау ақысы өткен жылмен салыстырғанда 48,6%-ға артқан.