Қазақстанда баспана бағасы өсті

Қазақстанда баспана бағасы өсті
Сурет: Rbc.ru

Үйді жалға алу да қымбат.

Қазақстанда баспана бағасы өсіп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда жаңа тұрғын үйлерді сату 19,3% өскен, деп хабарлайды Almaty- akshamy.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жылда қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы 27,9%, жаңа тұрғын үйлерді сату 19,3% өскен.  Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2022 жылғы мамырда 22,8% артқан.

Ұлттық статистика бюросының Баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлының айтуынша, өңірлік бөліністе жаңа тұрғын үйдің шаршы метрі жылдық мәнде айтарлықтай Нұр-Сұлтан қаласында қымбаттады – 27,2%-ға.

«Тұрғын үйдің қайта сату нарығындағы жоғары өсім Талдықорған қаласында (48,6%), тұрғын үйді жалға беру нарығындағы көшті Алматы қаласы бастап тұр (49,9%)», – деп атап өтті Қуанышбек Жақыпбекұлы.

Бір айдың ішінде, яғни осы жылдың мамыры мен сәуір айында  жаңа тұрғын үйді сату бағалары 1,7%, пәтерлерді қайта сату 1%-ға өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі алдыңғы аймен салыстырғанда мамырда 1,3% жоғарылады.