Қазақстанда акушерлік іс мамандарының бірінші конгресі өтуде

Қазақстанда акушерлік іс мамандарының бірінші конгресі өтуде
Сурет: Gov.kz

Бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен Назарбаев Университетінде ДДҰ, ЮНФПА, Назарбаев Университетінің Медицина Мектебі және «University Medical Center» корпоративтік қоры өкілдерінің, Швеция, Аустралия, Латвия, Литва, Беларусь, Ресей және Қырғызстаннан шетелдік сарапшылардың қатысуымен «Аялы алақан» Қазақстан акушерлік специалистов мамандарының I Халықаралық конгресі өтті.

Форумның күн тәртібі бүгінгі таңда ана мен бала денсаулығын сақтау саласында сапалы акушерлік көмектің қолжетімділігі, мамандардың біліктілігін арттыру, кадрлармен қамтамасыз ету, аурулардың профилактикасы, жүктілік кезінде және босанғаннан кейін әйелдерді емдеу, оңалту, клиникалық практиканы жетілдіру және жаңа технологияларды енгізу сияқты өзекті бағыттарды қамтыды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

 Қазақстанда ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі мемлекеттік саясат шаралары басым міндеттердің бірі болып табылады және стратегиялық құжаттарда, елді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларында, сондай-ақ халықаралық міндеттемелерде көрсетіледі.

«Қазақстанда жүкті әйелдерді медициналық персоналдың босанғанға дейінгі бақылауымен қамту 99%-ды құрайды. Соңғы жылдары бала туудың өсуі байқалады, жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүние келеді. 9 000-нан астам акушер жыл сайын 500 мыңға жуық жүкті әйелдерге білікті медициналық көмек көрсетеді», - деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Ведомство басшысы ана мен бала өлімінің үштен екісінің алдын алуға мүмкіндік беретін сапалы акушерлік көмектің рөлін ерекше атап өтті.

«Біздің еліміздің әрбір әйеліне босану кезінде жеке білікті акушерлік көмек алу мүмкіндігі болуы керек. Акушерлер жұмыс істейтін медициналық көмек үлгілері денсаулық сақтау саласындағы нәтижелерді жақсартуы, пациенттердің қанағаттану дәрежесін арттыруы және шығыстарды қысқартуға мүмкіндік беруі тиіс», - деп атап өтті министр.

Форумда атап өтілгендей, акушерлік көмек жүйесін одан әрі нығайту үшін оқыту мен даярлықты, лайықты жалақыны, сондай-ақ қауіпсіз, қолдаушы және құрметті ортада жұмыс істеу мүмкіндігін ұйымдастыруға инвестициялар қажет.

«Акушерлер денсаулықты нығайтуда, аурудың профилактикасында, ана мен баланы емдеуде және күтім жасауда маңызды рөл атқарады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, мейіргерлер мен акушерлер бүкіл әлем бойынша денсаулық сақтау қызметкерлерінің жартысына жуығын құрайды. Олардың көшбасшылық қасиеттерін ілгерілету және кәсіби даярлық бағдарламалары арқылы тең және лайықты еңбек жағдайларына қол жеткізу үшін олардың мүмкіндіктерін кеңейту өте маңызды», - деп атап өтті ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік офисінің өкілі Скендер Сыла.

Форумға қатысушылар МСАК деңгейіндегі акушерлердің ерекше рөлін атап өтті, өйткені бұл жүктіліктің алғашқы күндерінен бастап әйелді бақылап, қадағалайтын, медициналық көмектің барлық бағытын пысықтайтын алғашқы мамандар, сондықтан жүктілікті сапалы бақылау үшін сенімді қарым-қатынас орнату маңызды.  

Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің вице-президенті және деканы, доктор Массимо Пиньателли былай деп қосты: «Халықаралық акушерлер конгресі жергілікті қажеттіліктермен үздік әлемдік практиктерді біріктіру жолындағы маңызды қадам болып табылады. Назарбаев Университетінің Медицина мектебі акушерлік саласындағы мамандар табысты дами алатын ортаны құруда ынтымақтасу мүмкіндігін мақтан тұтады. Біздің практикамызда халықаралық стандарттар мен зерттеулерді қоса алғанда, біз әрбір ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға тырысамыз. Бұл конгресс біздің денсаулық сақтау саласындағы білім беруді ілгерілетуге деген ұмтылысымызды көрсетеді және барлық мүдделі тараптарға пайда әкелетін мультидисциплиналық тәсілді қолдануға ықпал етеді».

Форум сарапшылары акушерлік практикада жүкті әйелдерге патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап прогрессивті моделінің тәсілдері, отбасын жоспарлауды дамыту перспективалары, ұрықты диагностикалау әдістері және емшек сүтімен қоректендіруге үйрету тақырыптарында түрлі баяндамалар жасады.

Форум алаңында Денсаулық сақтау министрі ауылдық және аудандық ауруханаларда 30 жылдан астам жұмыс өтілі бар саланың үздік он маманына құрмет грамоталарын және көтермелеу ретінде санаторийлік-курорттық емделуге сертификаттар табыс етті.

Қорытындысы бойынша акушерлік іс мамандарының бірінші Конгресінің қарары қабылданды.