Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік

Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік
Суретті салған - Ғалым Смағұл

АҚШ Ресейдің уран экспортын шектемек

Қазақстанға жол ашылады

Америкалық заң шығарушылар Ресейден кіретін уран импортына шектеу қоятын заң жобасын дайындап шықты. Анығырақ айтсақ, «Ресейлік уран импортына тыйым салу туралы» заңға қатаң өзгерістер енгізді. Онда «Ресей Федерациясында өндірілген сәулеленбеген төмен байытылған уранды, кейбір ерекшеліктерді қоспағанда, Америка Құрама Штаттарына импорттауға болмайды» деген мәтіндер қосылған. Ірі ақпарат құралдарының болжауынша, аталмыш заң жобасы кедергісіз қабылдануы мүмкін. Демек, бұл Қазақстанның уран экспортын арттыруға жаңа мүмкіндік береді.

Америка Құрама Штаттарының энергетика саласы уран импортына көбірек сүйенеді. Қазақстан бұл кең нарықта онсыз да көшбасшы орында, яғни жалпы импорт көлемінің 35 пайызын иелейміз. АҚШ-қа уран жеткізуші негізгі елдер арасында Канада мен Ресейді қосса да Қазақстанның иелеген көлемін толтыра алмайды (Ресей 14 пайызды, Канада 15 пайызды ұстайды, 2021 жыл бойынша Reuters мәліметі).

Державалардың қайшылықты қарым-қатынасы бізге жаңа сын-қатерлер ғана емес, тиімді орайларды да беретінін бұған дейін де айтып келеміз. Бұл да соның бір мысалы секілді. Егер Ресейдің импорты шектеуге ұшырайтын болса, Қазақстан АҚШ нарығындағы шартсыз әрі баламасыз көшбасшыға айналуы мүмкін.

Бұл өз кезегінде Қазақстанның жалпы уран экспортының артуына да әсер етеді. АҚШ конгре смендері бұл заң жобасын елдің энергетика саласы бойынша сыртқы имортқа тәуелділігін азайту үшін жасап жатқанын айтады. Алайда, түптеп келгенде державалардың арасындағы текетіреске қатысты екені түсінікті. Украинаны белсенді қолдап отырған АҚШ саясаткерлері Ресейдің уран экспортын да соғысты қаржыландырушы қаржы көзі ретінде қарастырып отыр.

Әлемдік көшбасшы сала

Қазақстан уран қоры жағынан екінші орында болса да, өндірісі жағынан жаһандық көшбасшы. Еліміздегі уран қорының жалпы көлемі 907 мың тонна, бұл әлемдік қордың 15 пайызына тең. 2009 жылдан бастап табиғи уран өндіру бойынша көшбасшылық орынды бермей келеді. Атом электр станцияларына арналған ядролық отын өндіретін «Қазатамөнеркәсіп» ҰАК» АК өз саласы бойынша әлемдегі 10 ірі компанияның бірі саналады. Жалпы, әлемдік өндірістің 85 пайызы осы компанияларға тиесілі.

2012 жылдан бері қарай еліміздегі уран өндірісі қарқынын сақтап тұрған. Жылына шамамен 20 мың тоннаға дейін уран өндіреді және өнім толықтай экспортқа шығарылады. 2016 жылы тіпті рекордтық деңгейде 24 мың тоннадан аса уран өндіріп, экспорттаған. Ресми мәліметтерге сай, әлем елдерінің ядролық отын эспортында Қазақстан жыл сайын 40 пайыз шамасын ұстайды. Қазақстанның уран экспорты негізінен Ресей, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, ЕО және АҚШ-қа бағытталады.

Мүдде қайшылығы арасындағы отандық өндіріс

Көзқарақты жұртқа мәлім, Қазақстан уран байытып, ядролық сұйық отын дайындау технологиясына әлі ие болмады. Экспорты жоғары деңгейде болғанымен, оның бәрі дерлік өңделмеген өнім. Тіпті, «Қазатомөнеркәсіп»-тің уранды аффинаждау және конверсиялау бойынша CAMECO технологияларын қолдана бастағанына 3 жыл ғана болды. Соған қарамастан, уранды өндіруші және сенімді жеткізуші ел ретінде халықаралық беделін нық ұстап тұруға бар күшін салып келеді. Ал еліміз ұсынған «Уран банкі» жобасы әлемдегі ядролық отын қажеттілігі үшін аса маңызды. Бірақ уран өндіру мен экспорттау бойынша солтүстік көршімізбен кейбір мүдделік қайшылыққа тап келгеніміз бар. Турасын айтқанда, Қазақстанның уран өнеркәсібінің дербес дамып кетуін қаламайды. Біз өңделмеген уранды Ресейге шығарып, сол елдің уран байыту жобаларына қатысумен шектеліп отырмыз.

Біз Батыстағы ірі алармандарға уран жеткізуде Транс-Каспий немесе «Орта дәліз» бағыттарына бейімделе бастадық. Тек бұл салада ғана емес, жалпы әлемдік нарыққа Ресейсіз шығу үшін Қазақстан «Орта дәлізге» көбірек ставка қойып отырғаны мәлім. Әрине, ресми мәліметтерде Құрама Штаттарға да осы бағытпен уран жеткізіліп жатқаны жайында мәлімет жоқ. Бірақ АҚШ-тың бізде өндірілген уранға қызығушылығы артқаны сөзсіз.

Украинадағы соғыстан кейін де Қазақстан уран өндірісі бойынша өзге шетелдік серіктестерімен байланысты күшейтіп келеді. Айталық, 2022 жылы қазанда АҚШ Ұлттық ядролық қауіпсіздік басқармасының (NNSA) меңгерушісі Джил Хруби мен орынбасары Фрэнк Роуз Қазақстанға сапарлай келген. Ал сәуірде Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Мариано Гросси Қазақстанға сапарлап келді.

Қандай проблемалар тұр?

Шиеленіс, соғыс және Батыстың Ресейге бағыттаған шектеу шаралары уран нарығын өзімізге бұрудың мүмкіндігін ашуда. АҚШ Конгресі талқылаған жаңа заң Ресейде өндірілетін төмен байытылған уранды импорттауға тыйым салмақ. Алдағы уақытта АҚШ-пен қатар Еуропа да Ресейдің уранына тәуелділіктен арылу ұстанымын сақтап қалатын болса, Қазақстан үшін кең айдынға құлаш сермеуге мүмкіндік туады.

Дегенмен, оның өзіндік проблемалары да бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлемдік нарыққа Ресейсіз шығу мәселесі өзекті. Оның үстіне, АҚШ-тың нақты сұранысын анықтау мен оған жеткізуде логистикалық қиындықтар бар. «Қазатомөнеркәсіп» экспортын арттыру үшін Астананың басты міндеті – инфрақұрылымды дамыту және сенімді экономикалық дәлізді құрып шығу дер едік.

Қазіргі жаһандық және өңірлік геосаяси жағдайдан қарастырғанда, Қазақстан сауда- экономикалық қарым-қатынастарда Ресеймен мәмілені орнықты ұстау тиімді. Бұнымен қатар Еуропалық, өзге әлемдік нарыққа балама жолдар іздеуді белсенді жалғастыру да керек. Болашақтың энергия қайнары ретінде уран ө н д і р і с і н і ң м а ң ы з ы алдағы уақытта тіпті де арта түсуі мүмкін.