Қазақстан шаруаларына 309 млрд теңге субсидия бөлінеді

Қазақстан шаруаларына 309 млрд теңге субсидия бөлінеді
Сурет: Primeminister.kz

Агроөнеркәсіптік кешеннің орнықтылығын сақтап қалу үшін қосымша 388,2 млрд теңге бөлінетін болады.

Қазақстан шаруаларына үстіміздегі жылы бөлінетін субсидия көлемі туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Жетісу өңіріне келгенде айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Министрдің айтуынша, өткен жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тетігін жетілдіру жұмыстары басталды.

«Жалпы, осы саланы қолдауға биыл 309 млрд. теңге субсидия бөлінді, оның 79,7 млрд. теңгесі өсімдік шаруашылығына, 100 млрд. теңгесі мал шаруашылығына, 8,4 млрд. теңге өнім өңдеуге, 120,4 млрд. теңге қаржы құралдарына қарастырылған. Отандық агроөнеркәсіптік кешеннің орнықтылығын сақтап қалу үшін қосымша 388,2 млрд теңге бөлінетін болады», - деді Ербол Қарашөкеев.

Сол сияқты бұрын күші жойылған жұмыртқаны субсидиялау бағдарламасы жалғастырылады, ал жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығының барлық субъектілері үшін субсидиялау нормативтері бірдей болады және 2 еседен жоғарылатылады. Бұл мақсатқа 7,5 млрд теңге бөлінеді. Қарақұмық пен майлы дақылдар құнын арзандатуға қосымша 5,6 млрд теңге қарастырылады.

Министр өз сөзінде алдағы уақытта ірі тауарлы сүт фермаларының құрылысын және  көкөніс қоймаларын салу мен қайта жаңартуды қаржыландыруға, ет бағытындағы құс фабрикаларын салу мен жаңғыртуға, жылыжай шаруашылықтары желісін ұйымдастыруға, суару жүйелерін жаңғыртуға, тамшылатып суару технологиялары негізінде жеміс-көкөніс өнімдерін тиімді өндіруді ұйымдастыруға басымдық берілетінін айтты.