Қазақстан Президенті: Жолдауды іске асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізу қажет

Қазақстан Президенті: Жолдауды іске асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізу қажет
Сурет: Gov.kz

Аса жауапкершілікпен қараған жөн.

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізу қажет. Бұр туралы Мемлекет басшысының өзі айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Менің бүгінгі бастамаларым өте ауқымды. Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауды жариялау барысында.

Айтуынша, заң жобасын әзірлеп, оны қабылдау - едәуір уақытты алатын күрделі жұмыс.

«Сондықтан оған аса жауапкершілікпен қараған жөн. Сондай-ақ ішкі, сыртқы сын-қатерлерді мұқият ескеруіміз керек. Біз Тәуелсіздік жылдарында небір қиындықтардан аман өттік. Сын-қатердің бәрін еңсеріп, осы күнге жеттік. Енді елімізді түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-түс келіп отыр. Қазіргі Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірқ заман қанша күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз. Өткеннен тағлым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.