Қазақстан Президенті ШЫҰ елдеріне бірқатар ұсыныс жасады

Қазақстан  Президенті ШЫҰ елдеріне бірқатар ұсыныс жасады
Сурет: Akorda.kz

Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер Мемлекет басшыларының кеңесіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экология саласындағы өзара байланыстарды нығайтуды ұсынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

«Экологиялық күн тәртібін ілгерілетпей, орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу және қоғамның әл-ауқатын арттыру мүмкін емес. Өкінішке қарай, су тасқыны, қуаңшылық, өрт, судың және топырақтың ластануы секілді түрлі табиғи катаклизмдер айтарлықтай көбейгенін байқап отырмыз. Осы ретте Қазақстан қоршаған ортаны қорғау проблемасын шешу үшін күш біріктіруді көздейді.

Біз мынадай міндеттерге баса назар аудару қажет деп санаймыз: ШЫҰ мен БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы арасында серіктестік байланыс орнату; Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді әзірлеу; Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және экологиялық туризмді дамыту жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау.

Бұл шаралардың барлығын бүгін қабылданатын Декларацияда бекітілген ШЫҰ-ның Экология жылы аясында ұйымдастыруды ұсынамын», - деді Президент.