Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп су мамандарын даярлайды

Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп су мамандарын даярлайды
Сурет: Aikyn.kz

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Ташкент ирригация институтымен бірлесіп су мамандарын даярлайды.

Оқу орындары арасында тиісті келісім жасалды. Енді профессорлық құрам өзара тәжірибе алмасып, студенттерге қос диплом бағдарламасы бойынша білім береді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Ташкенттегі ирригация институтының тарихы тереңде. Білім ордасында су мамандарының бірнеше буыны қалыптасқан. Бұрын біздің елде институт филиалы жұмыс істеді. Қазір сол байырғы үрдіс қайта жандануы мүмкін. Қызылордалық профессорлар өзбекстандық әріптестерімен жаңа жобаны қолға алмақ.

«Негізгі мақсатымыз – қос диплом бағдарламасын енгізу. Бұл – ғылыми зерттеу институты. Сондықтан біздің университетке Қызылордаға осы жақсы тәжірибелерді әкеліп, сосын біздің ғалымдармен бірлесіп жұмыс жасау. Бұдан басқа, біз Ташкент экономикалық университетімен кездеспекпіз. Ол жақта да тәжірибе алмасып, келісімшартқа отырамыз», - дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Майнұр Бөрібаева.

Жалпы, бауырлас қазақ пен өзбек үшін су шаруашылығы – күрмеуі қиын күрделі сала. Тіршілік нәрінен екі ел де таршылық көреді. Сондықтан гидролог мамандарға сұраныс арта түсті. Ал Ташкент ирригация институтының осы салада тәжірибесі мол. Студенттер оқу орнының базасында суды үнемдеуді, сақтау мен тиімді пайдалану жолдарын үйреніп шығады.

«Арал бассейніндегі өзендер үшін ең өзекті мәселелерді зерттеп жатырмыз. Бұл жерде су арналарын шөгінді, қатты минералды заттардан тазарту міндеті тұр. Әмударияда оның мөлшері өте көп. Сырдарияда сәл кем. Өзен арналарын тазарту жолын ұсынып отырмыз. Арнайы қондырғы жасап шығардық. Оны су тораптарына орнатып, ресурстарды тиімді пайдалануға болады», - дейді Ташкент ирригация инженерлері институтының кафедра меңгерушісі Айбек Арифжанов.

Жобаның мақсаты – қос диплом бағдарламасын енгізу ғана емес, бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізу. Өзбекстандық ғалымдар да осыған ынталы. Мұндай әріптестік ауыл шаруашылығы саласына қажетті жаңа мамандар шоғырын қалыптастыруға сеп. Қорқыт ата университеті сырттағы қандастарды да назардан тыс қалдырған емес. Тарихи Отанында білім алам деушілерді оқытуға даяр.