Қазақстан Қырғызстанға көмек ретінде 1 000 тонна бидай тұқымын жеткізді

Қазақстан  Қырғызстанға көмек ретінде 1 000 тонна бидай тұқымын жеткізді
Сурет: Inform.kz

Тұқымдар арамшөптерден тазартылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру аясында Қырғызстанға Қазақстаннан 1000 тонна отандық іріктелген бидай тұқымы түрінде ізгілік көмек жеткізілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жүкті тапсыру рәсімі «Бішкек-1» теміржол стансасында Қазақстанның Қырғызстандағы Елшісі Рәпіл Жошыбаев пен Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрі Аскарбек Джаныбековтың қатысуымен өтті. Министр іріктелген бидай тұқымдарымен қамтамасыз етуде қолдау көрсеткені үшін Қазақстан тарапына шынайы ризашылығын білдірді және бұл ел фермерлері шығаратын өнімнің сапасы мен өнімділігінің өсуіне әсер ететінін айтып өтті.

«Іріктелген тұқым түріндегі ізгілік көмек отандық тұқым сапасын арттырады. «Қарабалық-20» сортының қазақстандық тұқымдары себу стандартының бірінші санатына мынадай сорттық және себу сапасымен сәйкес келеді: ылғалдылығы 14%-тен аспайды, өнгіштігі 95%-тен кем емес, сорттық тазалығы 99,7%-тен кем емес. Тұқымдар карантиндік арамшөптерден, аурулардан және кез келген бөтен иістерден тазартылған», – деп атап өтті А.Джаныбеков.