«Қазақстан халқына» қоры ауылдарға «100 спортзал» жобасын қолға алды

«Қазақстан халқына» қоры ауылдарға «100 спортзал» жобасын қолға алды
Сурет: Ашық дереккөзі

Елімізде ауылдық жерлерде «100 спорт зал» салынады. Аталған бастаманы «Қазақстан халқына» қоры қолға алып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Біздің қор «100 спорт зал» жобасын қолға алды. Жобаның ерекшелігі сол, спорт залдар тек ауылдарда салынады. Биыл жоспар бойынша 24 спорт зал іске қосылуы тиіс», - деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, қор басшысы ауыл тұрғындарына білім беруге қатысты тың бастама туралы айтты.

«Ауыл - біздің көмек бағытталатын негізгі аудиторияның бірі. Ауыл тұрғындарына қатысты бізді толғандыратын тағы бір мәселе - білім беру. Өздеріңіз білетіндей Қазақстан халқының жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Осы орайда біз 17 өңір бойынша Назарбаев зияткерлік мектебінің білім беру жүйесі негізінде ауылдарда 17 мектеп ашу идеясын ұсындық. Нәтижесінде таяуда ғана Ақмола облысының Қатаркөл ауылында алғашқы мектеп ашылды», - дейді ол.

Бұған дейін Болат Жәмішев Қостанай облысында болған орман өрті салдарынан зардап шеккен жандарға қор атынан көмек көрсетілетіні туралы айтқан еді.

Одан бөлек, «Қазақстан халқына» қорынан көмек сұрайтын ел азаматтарының дені денсаулық жағдайы бойынша жүгінетіні белгілі болды.