Қазақстандағы энергия үнемдейтін көше шамдарының үлесі 55 пайызды құрайды

Қазақстандағы энергия үнемдейтін көше шамдарының үлесі 55 пайызды құрайды
Сурет: Blog.pokupon.ua

Экономикалық тиімділік 1,3 млн долларды құрады.

Қазақстанда 2022-2026 жылдарға арналған энергия үнемдеу және энергия тиімділікті арттыру Жол картасы жасалды.Бұл туралы "Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты" АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Смағұлов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Жол картасы энергетика, өнеркәсіп, бюджет, ғимараттар мен көлік секторларының, сондай-ақ еліміздегі өңірлерінің көрсеткіштерін ескере отырып әзірленген», - делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында. 

«Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Смағұлов энергия сыйымдылығы аясында қол жеткізілген мақсаттардың бірі – Мемлекеттік энергетикалық тізілімді енгізу екендігін атап өтті. Оның аясында 20 мыңнан астам нысанның энергия тұтыну көлемін талдауға мүмкіндік туған. 

«Бүгінде өндірістік кәспорындар еліміздің 40 пайыздан астам энергия ресурстарын тұтынады. Энергоаудиттың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша, өндірістік сектордың орташа қуатының көлемі 10 пайызды құрайды. Энергия үнемділік пен энерготиімділік бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға 709 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат қарастырылған. Тізілімнің нысандары шеңберінде мың жарымнан астам энергоаудит жүргізілді. Аталған Жол картасын енгізудің нәтижесінде 182,5 млн доллар көлеміндегі қаржы үнемделді», – деді Бауыржан Смағұлов.

Энергия үнемдеу саясатының басты құралдарының қатарында энерготиімділік картасының да маңызы зор. Оның аясында 181 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 55 жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік механизмі шеңберінде орындалмақ. Олардың ішінде соңғы жылдары сәтті жүзеге асырылған жобалардың бірі – көше жарықтандыру бойынша жүргізілген модернизация жұмыстары. Қазіргі таңда Қазақстандағы көше шамдарының жартысы диодты шамдарға ауыстырылған. Жыл сайын энергия үнемдеу көлемі 55 пайыздан асып, экономикалық тиімділігі 1,3 млн долларды құрады. Осыған орай бүгінде Қазақстандағы заманауи диодты көше шамдарының үлес салмағы 55 пайыздан астам.