Қазақстан Әзірбайжанды ұтты

Қазақстан Әзірбайжанды ұтты
Сурет: Vesti.kz

Футзалдан 2024 жылғы әлем чемпионатына іріктеу аясында ұлттық құрамамыз кезекті матчын өткізді.

Рикардо Кака баптайтын жігіттер бұл жолы өз алаңында Әзірбайжан командасын қабылдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Астанадағы матчта қонақтар ә дегеннен басымдықты қолдарына алып, 2:0 есебмен алға шықты.  Дегенмен жерлестеріміз үзіліске дейін таразы басын теңестіріп үлгерді. Алдымен Лео мүмкіндігін сәтті пайдаланса, артынша Біржан Оразов мергендігімен көзге түсті. Ал екінші кезеңде Дуглас жеңіс голын соқты.

Қорытынды есеп: 3:2. Осылайша Қазақстан 4 ойында 12 ұпай жинап, А тобында жеке-дара көш бастады. Айта кетейік, әр топтың үздіктері тікелей әлем чемпионатына жолдама алады. Ал екінші сатыда тұрған командалар  қосымша мүмкіндікті өзара сарапқа салады. Дүнижүзілік доданың өзі  тура бір жылдан кейін Өзбекстанда болады.