Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде
Сурет: Энергетика министрлігі

2023 жылғы 14 қараша Бакуда Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан экономика және энергетика министрлерінің үшжақты кездесуі өтті.

 Қазақстан тарапынан кездесуге Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Кездесу барысында тараптар Әзербайжан аумағы арқылы Қазақстан мен Өзбекстаннан Еуропаға электр энергиясын экспорттау перспективаларын талқылады, сондай-ақ жасыл энергетика саласындағы жобаларды дамыту жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, үш елдің жаңартылатын энергияны дамыту және экспорттау саласындағы мемлекеттік саясаты Әзербайжанға Орталық Азиядан Еуропаға электр энергиясын жеткізуде байланыстырушы көпір рөлін атқаруға мүмкіндік беретініне назар аударылды. 

 Осы тұрғыда Әзербайжан Грузия, Румыния және Венгриямен бірлесіп, Каспий – Қара теңіз – Еуропа экспорт дәлізін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткен жөн, оның аясында 4 ГВт электр энергиясын экспорттау жоспарлануда. Нахчыван – Түркия – Еуропа бағыты бойыншада 1 ГВт-тан астам жасыл энергияны жеткізу жоспарлануда. 

 Қазақстан мен Өзбекстанның осы дәліздерге қол жеткізуі электр энергиясы нарықтарын одан әрі дамытуға, жасыл сутегі мен аммиак өндіру және жеткізу саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және Орта дәліз аясында жасыл жобаларды дамытуға оң ықпал етеді.

Кездесуде Қазақстан мен Өзбекстанның энергетикалық жүйелерін Әзербайжанның энергетикалық жүйесімен біріктіргеннен кейін Каспий теңізінің түбімен жоғары вольтты желілерді тарту мүмкіндіктері туралы пікір алмасу болды. 

 Келіссөздер нәтижесінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау және электр энергиясын экспорттау бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізіліп, тиісті бірлескен коммюникеге қол қойылды.

 Осы тұрғыда биыл Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің түбімен аймақтағы интернет-трафикті әртараптандыруға мүмкіндік беретін талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыруды бастағанын айта кеткен жөн.