Қазақстан әскерінің киімі қанша тұрады?

Қазақстан әскерінің киімі қанша тұрады?
Сурет: gov.kz

Биылдан бастап барлық әскери қызметшілер үшін бірыңғай далалық киім формасы енгізіледі.

Әскери қызметшілер үшін киім формасының ерлер мен әйелдерге арналған бірнеше түрі қарастырылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қорғаныс министрлігі жаңа киім үлгілері қанша тұратынын айтты. Ведомствоның хабарлауынша, ҚР Қарулы Күштерін заттай мүлікпен қамтамасыз ету Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бюджеті аясында  жүргізіліп жатыр.

«Сонымен қатар, Президенттің 2023 жылғы 12 желтоқсандағы «ҚР Президентінің 2011 жылғы 25 қазандағы «ҚР Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары әскери қызметшілерінің әскери киім нысаны мен айырым белгілері туралы» 144 жарлығына өзгерістер енгізу туралы» 413 жарлығының 2-тармағына сәйкес, Үкіметке республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде әскери киімнің ескі үлгілерінің кию мерзімдерін ескере отырып, кезең-кезеңімен шаралар қабылдау тапсырылды», — делінген редакцияның ресми сұрауына берілген жауапта.

Қорғаныс министрлігі жаңа киім үлгілеріне көшу себебінен бюджет ұлғайтылмайтынын атап өтті. Қосымша шығындар қажет етілмейді.

«Далалық киім бойынша бір жазғы жиынтықтың құны 19 500 теңгені құрайды. Қысқы далалық киім костюмі – 39 800 теңге», - дейді министрлік.

Бекітілген жабдықтау нормаларына сәйкес, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер бір жылда жазғы камуфляжды киімнің 3 жиынтығын, қысқы камуфляждың 2 жиынтығын алады, сондай-ақ жазғы және қысқы жұмыс киімдері бар.

Киім-кешектің тек жаңасы (1 санат) беріледі.

«Қызмет мерзімі аяқталған соң запасқа шығарылатын әскери қызметші жабдықтау нормаларында белгіленген тізімге сәйкес қамтамасыз етіледі, оның ішінде бір жазғы, бір қысқы киім жинағы, маусым бойынша іш киімдер жиынтығы және басқалары. Келесі әскерге шақырылатын әскери қызметшілерге тек қана жаңа киім-кешек, аяқ киім, құрал-жабдықтар мен іш киімдер беріледі», - деп толықтырды министрлік.