Қазақ өнері Бельгияда дәріптелді

Қазақ өнері Бельгияда дәріптелді
Сурет: Youtube.com

Қазақстандық дизайнер Айгүл Жансерікованы еуропалық «Мәдениет керуені» академиясы арнайы шақыртқан.

Қолөнер шебері - Қазақстанда киіз басу өнерін жаңғыртып, оны жаңа технологиямен дамытқан кәсіпкер. Алматыда Qazaq-Oner орталығын ашып, 20 жылдан бері саф өнерді көпшілікке насихаттап келеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап. 

Еуропалықтар шебердің көрмесін тамашалап, көздің жауын алатын киімдер мен бұйымдарды көптеп сатып алды. Көне мен жаңаның үндестігін жете меңгерген маман көпшілікке қолөнер орталығының жұмысы жайлы баяндап, тәжірибесімен бөлісті.

«Қазақстанды біз тек қана оның мәдениеті арқылы таныстыра аламыз. Осындай үлкен мүмкіншілік бар деп шақырғаннан кейін келдім. Өнер арқылы біздің мәдениетіміздің тереңдегін білуге болады. Сол арқылы біздің өнерлі халық екенімізді, басқалардан ерекшелігіміз бар екенін білдіреміз», - дейді дизайнер Айгүл Жансерікова. 

«Мен мынадай керемет бұйым сатып алдым. Жібек пен жүннен жасалған таза табиғи өнімнің сапасы өте жоғары. Денсаулыққа пайдалы. Қолмен, ерекше махаббатпен жасалғаны көрініп тұр. Елдеріңізге сапарлап, осы шеберхананы көрсем деймін», - деді Брюссель қаласының тұрғыны Мериэм Ван Симаес.