Қазақ киносы Ресей прокатына шықпақ

Қазақ киносы Ресей прокатына шықпақ
Сурет: Afisha.ru

90-жылдары Германияда қалған қазақ танкисі Нартай туралы фильм Ресейде «Мариенплацтағы орыстар» деген атаумен көрсетіледі.

Продюсері Гүлнар Сарсенованың айтуынша, Еуропада бұл картинаны жылы қабылдады. Ресей көрермендерінің де көңілінен шығады деген үмітте.

«Фильм бір жарым мың экранда көрсетіледі. Бұл Қазақстандағыдан 5 есе көп. Ресей көрермені оны асыға күтіп отыр. Комедия емес, адамды ойландыратын драма. Бұл мен түсірген патриоттық алғашқы фильм»,- дейді продюссер Гүлнар Сәрсенова. 

Яна Скопина түсірген «Жақында жаз бітеді» фильмінің желісі көп ұлттың өкілі тұратын ауланың тынысымен өрбиді. 

«Алғашқы қаражатты Қазақстаннан алдық. Ресей мәдениет министрлігі де қаржысын қосып, екі елдің бірлескен өнімі шықты. 90-жылдардағы бір баланың хикаясы желісімен түсірілген. Сол кезде барша жұрт Кашпировский, Чумакка құмар болатын. Бас кейіпкері де гипнозбен айналысқан. Кеңес Одағы ыдырауы алдындағы және кейіпкердің де балалық шағының соңғы жазы бейнеленеді»,- дейді режиссер Яна Скопина.

Қазақстандық фильмдердің Ресейдегі тұсаукесері Мәскеу халықаралық кинофестиваль аясында өтті. 

«Нартай» Ресейде прокатқа қыркүйек айының ортасында, ал «Жақында жаз бітеді» фильмі қазан айының соңында шығады. Кезінде жергілікті кинотеатрлар контентінің 80 процентін құраған Голливудтік фильмдер Ресейге сатылмайтын болды. Соның арқасында қазақ студияларының туындыларына бұл елдің экрандарына жол ашылды.