Қаза тапқан кеншілердің отбасына қандай көмек беріледі?

Қаза тапқан кеншілердің отбасына қандай көмек беріледі?
Сурет: Sputnik.kz

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Ленин шахтасында бес кенші қаза тапты.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек шахтада қаза тапқан кеншілердің отбасына қандай материалдық көмек берілетінін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бүгін «Арселор Миттал Теміртау»компаниясына қарасты Ленин шахтасында апаттық жағдай болды. Метан жарылып, арты өртке ұласқан. Бес кенші қаза тапты.

«Әкімдік тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, ұжымдық келісімшартқа сәйкес, қайтыс болған кеншілердің отбасысына жалақының 10 жылдық мөлшерінде материалдық көмек, оған қоса, кредитті төлеу мен балаларды оқыту шығындары өтеледі», - деді Қасымбек.

Аймақ басшысының айтуынша, биыл ұжымдық келісімшартқа зардап шеккен отбасыларға тұрғын үй сатып алу мәселесі де енгізілген.

«Жалпы, материалдық және қаржылай көмек толығымен көрсетіледі», - деп түйіндеді Қасымбек.