Қаза болған өрт сөндірушінің отбасына қажетті көмек көрсетіледі

Қаза болған өрт сөндірушінің отбасына қажетті көмек көрсетіледі
Сурет: Ашық дереккөзі

Артында әйелі мен 5 баласы қалды

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Жарма ауданында көз жұмған өрт сөндірушінің отбасына қажетті көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, аймақ басшысы тілсіз жаумен күресте ерлікпен қаза болған Айдос Тоғызбаевтың отбасымен кездесіп, марқұмның мезгілсіз қазасына байланысты көңіл білдірді.

«Айдос Ерланұлының жарқын бейнесі жерлестерінің жадында мәңгі сақталады. Марқұмның отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетін болады», - деді Нұрлан Ұранхаев.

№22 өрт сөндіру бекетінің жүргізуші-қызметкері Айдос Тоғызбаев азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдан бері еңбек еткен. Артында әйелі мен 5 баласы қалды.

Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында жалын шарпыған аумақ 5000 гектарға жеткені хабарланған болатын. Облыстың Жарма ауданында 3 өрт сөндірушіні күйік шалып, олардың бірі көз жұмды. Денесін күйік шалған екі өрт сөндірушінің бірінің жағдайы ауыр.

Өрт сөндірушілер Жарма ауданы Бозжыра ауылдық округінің Бірінші ауылында құрғақ шөптен тұтанған отпен күресіп жатқан болатын. Өрт сөндіру автоцистернасы отты сөндіру үшін су жеткізіп жүрген КамАЗ көлігінен су алып жатқан кезде жел бағыты өзгеріп, өрт автоцистернаға қарай лап қойған. Жалын ортасында қалған адамдар мен техниканы эвакуациялау мүмкін болмаған. Жан-жағынан биіктігі екі метр қарағаш ағаштары жана бастаған.