Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша сот отырысы басталды

Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша сот отырысы басталды
Сурет: Kaztag.kz

Айыпталушы сотқа онлайн режимде қатысып отыр.

Астанада Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша кезекті сот отырысы басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сілтеме жасап.

Айыпталушы сотқа онлайн режимде қатысып отыр. Сатыбалды Қылмыстық кодекстің 195-бабы (Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру) және 189-бабы ( Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша айыпталуда.

Отырыстың басында айыпталушы Сатыбалды бейнебайланыс арқылы туған-туыстарымен сөйлесті. Камераға түспеуге де кеңес берді.

«Сендерде камерада отырудың қажеті жоқ. Былай қойып, қырынан бәрін қарап отырсаңдар болады», - деді ол.

Осыдан кейін бір тілші: "Сіз қарыздың бір бөлігін қайтардыңыз ғой. Қазір не үшін айыптап жатыр?", - деп сұрады.

Айыпталушы сот аяқталмайынша түсініктеме бере алмайтынын жеткізді.

«Әлі сот біткен жоқ. Кешіріңіз, мен қазір ештеңе айта алмаймын», - деп атап көрсетті айыпталушы.

Айта кетері, биыл 13 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдының ұсталғанын хабарлады.

Ол "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінген. Сондай-ақ мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқаны айтылған еді.

24 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты "Қазақтелеком" АҚ және "Көлік сервисі орталығы" АҚ-ның қаржысын ірі көлемде жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Қайрат Сатыбалды – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.

Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да қамауға алынды. Ол Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бөлінген ақшаны ұрлады деп айыпталып жатыр.

Тергеу кезінде айыпталушылардың 240 миллиард теңгеден (500 миллион доллар) астам заңсыз активтері мен қаржысы мемлекетке қайтарылған болатын.