Қаржы пирамидалары: Алматыда алаяқтардың 376 сайты бұғатталды

Қаржы пирамидалары: Алматыда алаяқтардың 376 сайты бұғатталды
Сурет: Gov.kz

Қазіргі уақытта қаржы пирамидаларын бастапқы кезеңде жою шаралары қолдануда.

Алматының өкілетті қызметтері адамдарды алаяқтық жолмен арбайтын 376 интернет сілтеме бұғатталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Мемлекеттік органның мәліметінше, жыл басынан бері 9 қаржы пирамидасының (WBIC, Robotex, Hit Beat Music, Qnet, Chia Thai, Bincloud, S-Group, Marqar, Patin Coin) жолы кесілді – 3000 адам олардың құрбаны болған. 

Сондай-ақ, жыл басынан бері интернет-ресурстарды тексеретін «Байқа пирамида» Telegram-боты іске қосылды. 

“Енді біздің азаматтар сайттар мен әлеуметтік желілердің финпирамида белгілерінің бар-жоғын өз бетінше тексере алады. Бұл олардың «алаяқтық» схемаларға алдануына жол бермейді. Әзірленген өнім  халық арасында үлкен сұранысқа ие екендігі қазірдің өзінде байқалады. Қысқа уақыт ішінде азаматтардан түскен 6 мыңнан астам өтінім қаралды, оларға бот автоматты түрде жауап берді”, - деді Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Жақсылық Мырзахан.

Келесі қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар жауапқа тартылды және ұзақ мерзімге сотталды: «Innova Gold», «IG Group KZ», «Qozgan, Tender», «Rich Beach», «Альфа Сейлс Консалтинг», «ESS Group» және «Qnet». «Energy Eolus Qazaqstan» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

“Ұйымдастырушылар сенімді азаматтарға жаңартылатын энергия көздерін және энергияны сақтау объектілерін жоспарлау, салу және пайдалану жобаларына ақшалай қаражаттарын салуды ұсынды, бұл тәулігіне 2,7% - дан 3,4% - ға дейін, яғни айына 80% - дан астам және жылына 950% - дан астам табыс түседі деп уәде берді. Салым сомасы 30 доллардан 2700 долларға дейін. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында 11 қалада, атап айтқанда Ақтөбе, Астана, Көкшетау, Өскемен, Атырау, Орал, Қызылорда, Павлодар, Шымкент, Кентау, Семей қалаларында кеңселер орнатылды, сондай - ақ ұйымдастырушылардың шетелде екендігі анықталды”, - деп жалғастырды спикер.

Жеке тұлғаларға келтірілген залал сомасы 259 млн теңгеден асады.

Мемлекеттік орган өкілдері атап өткендей, қаржы пирамидасына кіру ерікті негізде және ешқандай құқыққа сүйенбей жүзеге асырылады және ешкім салынған қаражатты қайтаруға кепілдік бермейді. Алайда, аяқталған қылмыстық істер бар, онда азаматтар салынған ақшаны қайтарып алған кездер де болған. 

Осылайша, қабылданған шаралардың нәтижесінде ЭТД қызметкерлері банк шоттарына, ұйымдастырушылардың жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салды. Мысалы, «World Business Consulting» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша сегіз жәбірленушіге 126 млн теңге сомасына залал өтелді. 

«B2B Jewerly» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша 1200-ден астам жәбірленушіге 700,1 млн теңге сомасына залал өтелді. 2,2 млрд теңге сомасына мүлікке тыйым салынды.

“Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, азаматтарды елімізде қарқын алып жатқан интернет-алаяқтықтан да сақтандырғым келеді. «Жалған қаржы» ұйымдарының ұсыныстарын тарату жағдайлары жиілеп кетті. Олар ақшаны мұнай өндіруші компаниялардың, белгілі банктердің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ірі жобаларына жоғары және пассивті кіріс түседі деген уәдемен инвестициялауға шақырады”, - деді спикер.

Сондай-ақ, ол ұйымдастырушылар адамдарды өздеріне сендіру үшін танымал жаңалықтар порталдарының логотиптері мен дизайнын қолданатынын, сондай-ақ белгілі тұлғалар мен жоғары лауазымды шенеуніктердің есімдерін атайтынын атап өтті. 

“Мұндай ресурстарға кіре отырып, сіз өзіңіздің сауалнамалық деректеріңізді толтырмауыңыз керек. Осыдан кейін олар қоңырау шала бастайды, алданған адамның аты-жөнін атап, өздерін банктің немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырады және сізге несие рәсімделгенін немесе қылмыстық іс қозғалды деп алдайды. Адамның тосылып қалған шарасыз күйін пайдаланып, олар сіздің банктік деректеріңізді біліп алады. Осыған байланысты, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырады”, - деді ол.

Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидаларымен бетпе-бет келген жағдайда, Жібек жолы даңғылы, 127 мекенжайы бойынша Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаментіне хабарласыңыз немесе 1458 колл-орталығының нөміріне қоңырау шалыңыз.